Боранның күшеюіне байланысты техника жұмыс істей алмай жатыр – Қазавтожол - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Боранның күшеюіне байланысты техника жұмыс істей алмай жатыр – Қазавтожол

08.02.2024

Ақтүтек боран еліміздің бірқатар аймағын әуреге салып жатыр. Күн райының құбылуынан Ақтөбе облысында екі мыңға жуық жүк көлігі екі тәуліктен бері сапарларын жалғастыра алмай тұр. Кешелі бері облыс аумағында жолда қалған 150-ден аса адам құтқарылды.

Сондай-ақ, 300-дей жолаушы эвакуацияланып, жылыту бекеттеріне орналастырылған. Қазір «Ақтөбе-Мәртөк» бағытынан өзге жолдардың барлығы дерлік жабық. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Ақ түтек бораннан облыс бойынша 2 мыңдай абонент жарықсыз қалды. Ақтөбеде 5 көп қабатты үйдің шатыры ұшқан. Қарабұтақтағы мектептің де төбе жабындысы қатты желге шыдас бермеді. Бүгін әлеуметтік нысандарға келген шығынды анықтап, жолда тұрғандарға көмектесу мақсатында Әйтеке би мен Хромтау аудандарында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Жұртшылық Полиция мен құтқарушылардың жұмысына ризашылық білдіріп жатыр. Мәселен, өрт сөндіру бөлімінің алты маманы Басшилі ауылындағы науқасты Қандыағаш қаласына жеткізу үшін 18 шақырым бойы көлік алдына түсіп, кезектесе жүгіріп отырған. Өйткені, қарға адым жер көрінбей қалған. Олар жұмыстарын жалғастырып жатыр. Өңірде боранның беті әлі толық қайтқан жоқ.

Асылбек Мұхамбетқалиев, «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалы басшысының орынбасары:

Боранның, желдің күшеюіне байланысты техника жұмыс істей алмай жатыр. Қазір ауа райы, жел басылғаннан кейін 6-8 сағатта қозғалыс береміз.Қозғалыс бергеннген кейін көрші облыстардан, филиалдардан тарттырамыз.Ол булдозер секілді ауыр техникалар.

БОРАННАН ЖОЛДАР ЖАБЫЛЫП, ҚОЗҒАЛЫС ҚИЫНДАҒАН 

Басқа да аймақтардағы ахуалды шолып өтсек. Қарлы боранда ауруханаға жете алмаған түркістандық келіншекті жедел жәрдем дәрігерлері үйінде босандырып алды. Көлік Шұбарағаш ауылының ішіндегі қар құрсауынан шыға алмай қалған.

АНА МЕН БАЛА АМАН-ЕСЕН ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Қарағанды облысының Айыртас ауылында боранда адасып кеткен әйел мен оның баласы дін аман құтқарылды. Ал, Түлкібас ауданының Керейт ауылынан мал іздеп шыққан екі адам адасып кеткен. Олардың бірі аман-есен, екіншісінің мәйтіті табылды. Ауа райының нашарлауына байланысты Қостанай облысында 10 республикалық және 17 облыстық маңыздағы автожол жабылды. Қарағанды облысында да секундына 15-20 метрге дейін қатты жел соғып, төтенше жағдайлар қызметі 22 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарған. Ал, Батыс қазақстан облысында 11 жол учаскесі жабылды. Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау, Бәйтерек аудандарында 3700 абонент әлі жарықсыз отыр.


Ж. Кемал

Хабарламаларға жазылу