Еліміздегі шекаралық аудандарда атқарылар жұмыс көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі шекаралық аудандарда атқарылар жұмыс көп

03.02.2024

Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөлдің қайдатан аудан болып құрылуға әлеуеті әбден жетеді. Тек өңірді дамыту үшін бұған дейін жасалған бағдарлама мен жобаларды тағы бір пысықтап, нақты жұмыс бастау керек. Оған қоса, туризмді қолға алып, ет пен сүт өңдеу дұрыс жолға қойылса, аяғынан тез тұрады. Шекаралық аудан тұрғындарының қазіргі тіршілігін тілшіміз Олжас Керейхан арнайы барып көріп келді.

Марқакөл бұрын төрт түлігі түлеген өңір болатын. Соңғы 25 жылда сәл жүдеген. Дегенмен аудан етіп қайта құру жөнінде президенттің жарлығы шыққан соң елдің үміті үдеген. Осы өңірдің түпкілікті тұрғыны Абзалбек Мұхамеджанов ақсақал ауылда әуелі кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беру, керек деп отыр.

Абзалбек Мұхамеджанов, Марқакөл ауылының тұрғыны:

Кәсібін бастаймын.Не болмаса кәсібін кеңейтем дегендерге сол әлгі жеңілдетілген 2,5 пайыздықпен несиелер берілсе? Сонда жұмыс кішкене ілгері басар еді деп, ойлаймын. Бір адам кәсіп ашса, жоқ дегенде 2-3 адам қосылады ғой. Ол да жұмыс орындары.

Нұрбақыт Арғынбекқызының он саусағынан өнер тамады. Екі жыл бұрын шағын тігін цехын ашқан. Аудан құрылған соң халықтың көбейеріне сенеді.

Нұрбақыт Арғынбекқызы, қолөнер шебері:

Халықтың көбі жақсы ғой. Себебі, мына жұмысымыз жүреді. Тапсырыс көп болады деген сияқты.

Кәсіпкер Ришат Қасымбековтың айтуынша, шекаралық аудандарды дамытудың нақты бағдарламасын жасау керек. Соның ең негізгісі осы өңірден мектеп бітірген түлектерді қолдау.

Ришат Қасымбеков, кәсіпкер:

Барған жас түлектерімізге қол үшін беріп грант санын көбейтсе. Сол жағынан көмек жасаса. Ол түлектеріміз оқып грантқа бітіріп шықаннан кейін сол балаларды ауданға тартсақ. Сол мамандарды. Біз айта береміз ғой. Халық көшіп жатыр. Кетеді екен деп. Бүйтіп қарап отыра бермей, нақты қадам жасау керек қой.

Нақты қадамның бірі бүлінген ғимарттарды түгендеп есепке алу. Өйткені 25 жыл бұрын аудан мәртебесінен айырылған соң ел үдіре көшіп, үйлердің көбі бос қалды.

Олжас Керейхан, тілші:

Марқакөлде мындай бос тұрған оншақты ғимарат бар. Олардың бәрінде негізінен ие болғанмен, есік-терезесі жұлынған ішінде кие жоқ. Енді аудан болып қайта құрылған соң бірінші кезекте қаңырап қалған нысандарды қалпына келтіру мәселесі тұр.

Бүгінге дейін ауданның аумақтық шекарасы анықталды. Енді өңірге келіп еңбек ететін мамандарды баспанамен қамту да өзекті.

Рүстем Кемешов, Марқакөл ауылдық округінің әкімі:

Бір қабатты шығыс үй салу жоспары бойынша бізде 15 үй салынады деген. Одан кейін келесі кезекте мына меншік иелерінен 15 үй сатылымда. Соны анықтап, бағаларын реттейміз.

Қазір жалпы Марақкөл өңірінде 8 мыңға жуық тұрғын бар. Соңғы 10 жылда шағын 14 ауыл бір-біріне қосылды. Дегенмен халық туған жерінен кіндігін де, үмітін де үзген жоқ. Арада 25 жыл өткенде сол елдің үміті қайта ақталды. Ендігі мәселе шекараны елмен толтыру.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу