Салықтан жалтарған кәсіпкерлерге шара қолданылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Салықтан жалтарған кәсіпкерлерге шара қолданылады

31.01.2024

Елімізде мобильді аударымдарға қатысты жаңа ереже көпшілік арасында әлі де түсінбеушілік тудырып жатыр. Ал кәсіпкерлер болса салықтан жалтару үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы емес, өзге құйтырқы әдіспен қабылдай бастаған. Бүгін Мемлекеттік кірістер комитеті мұндай бизнесмендерге ескерту жасап, аударымдарға қатысты ережені тағы түсіндіріп берді.

Мобильді аударымдар тексеріледі дегелі еліміздің кәсіпкерлерінде маза жоқ. Бірі төлемді қолма-қол ақшамен ғана қабылдаса, енді бірі мобильді аударымға қатысты ережені айналып өтудің амалын тапқан. Яғни клиентінен ақшаны ұялы телефонға бірлік ретінде жіберуін сұрайды. Кейін оны қосымшаның көмегімен оп-оңай шығарып алуға болады. Десе де кәсіпкерлердің мұндай әрекеті ұзаққа бармайды дейді жауаптылар.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:

Меніңше, бұл уақытша құбылыс. Өйткені клиенттің барлығы ақшаны бірлік ретінде салып тұрмайды. Десе де кәсіпкерлердің барлығы бұл әдіске жаппай көшсе, ұялы байланыс операторымен келісу арқылы міндетті түрде шара қолданамыз.
МОБИЛЬДІ АУДАРЫМДАРҒА ҚАТЫСТЫ ЕРЕЖЕ ТҮСІНДІРІЛДІ

Айта кетейік, мобильді аударымдарды тексеру 2024 жылы тек жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азаматтарға қатысты. Ал кәсіпкер ретінде тіркелмей такси жүргізушісі болып жүргендерге, қарапайым азаматтарға әзірге алаңдамаса болады. Өйткені қалған жеке тұлғалардың аударымдары тек 2025 жылдан бастап тексеріле бастайды. Ереже бойынша ай сайын 100 аударым жүз түрлі адамнан түссе, банктер мәліметті Кірістер комитетіне жібереді. Кейін олар тексеріс жүргізбек.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:

Және де ол ай қатырымен жүруі керек. Мысалы, қаңтар, ақпан, наурыз, үш ай бойы 100 түрлі адамнан 100 төлем түссе ғана ақпарат келеді. Бірақ қаңтарда 100 адамнан түсіп, ақпанда түспей, одан кейін түссе ол азаматтардың аударымдары бізге келмейді.
Тағы бір маңызды жайт. Кірістер комитетіне аударымдар жайлы мәліметтер тек келесі жылдан бастап түсе бастайды. Егер аударым саны жоғарыда айтылғандай үш ай қатырынан 100 ден асып, 300 болса, бірден салық төлеуге ешкім мәжбүрлемейді. Алдымен анықтау жұмыстары жүргізіледі.

Досжан Маратұлы, тілші:

Егер аударымдар достардан, туыстар мен әріптестерден жасалған болса, ештеңе етпейді. Өйткені бұлар есепке алынбайды. Айта кетейін былтыр банк қосымшалары арқылы 80 триллион теңге аударылған. Бұл қыруар қаржының қаншасы көлеңкелі бизнеске тиесілі екені белгісіз. Белгілісі аударымдарға қатысты ереже ендігі жылы іске асса, салықтық түсімдер әлдеқайда артпақ.

Хабарламаларға жазылу