Ботақарадағы жарылыс: Жарақат алған бала мен ер адамның жағдайы ауыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ботақарадағы жарылыс: Жарақат алған бала мен ер адамның жағдайы ауыр

30.01.2024

Қарағанды облысының Ботақара кентіндегі тұрғын үйде болған жарылыстан қаза тапқан екі адам ерлі-зайыптылар. Олар газ баллоны жарылған 10-шы пәтердің астында тұратын көршілері. Олардың немересінің де жағдайы ауыр, жарақат алған. Дәрігерлер баланы санавиацияның көмегімен облыстық ауруханаға жеткізді. Одан бөлек, жарылыстан зардап шеккен екі балаға медициналық көмек көрсеткен соң үйлеріне жіберілді. Өмірлеріне қауіп жоқ. Сондай-ақ, жарылыс орын алған №10 пәтерде болған екі Өзбекстан азаматы ауруханада. Бірінің жағдайы ауыр.

Бибігүл Төлегенова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Оқиғада 5 зардап шеккен 2 ересек науқас Бұқар жырау аудандық ауруханасында стационарлық ем қабылдауда. Олардың ең көп зардап шеккені 80 пайыздық күйік алды. Жағдайы өте ауыр. Екінші науқас 26 пайыз күйік алды. Жағдайы ауыр, тұрақты. Зардап шеккен бала санитарлық авиация көмегімен облыстық ауруханға жеткізілді. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімшесінде. Бүкіл медициналық көмек толық көрсетілуде.

Екі қабатты үйде 12 пәтер бар. Тұрғындар іштен пеш жағып жылытады. Газ баллоны 29 қаңтар күні суық күйінде жылы пәтерге әкелінген. Соңы қайғылы жағдайға ұласып отыр. Қазір жергілікті билік тарапынан арнайы штаб құрылып, тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетілуде. Комиссия үйдің тұруға жарамдылығын тексереді. Егер жарамсыз деп танылса, тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі қарастырылады.

Сәуле Оразалинова, Ботақара кентінің тұрғыны:

Мен үйден шығып кеткем таңертең. Немерелерімді қарауға. Құдай сақтап мен болмадым. Енді не үй жоқ, не тамағым, киімім, тіпті құжатым жоқ.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу