Кентаулықтар қыстыгүні жылуға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кентаулықтар қыстыгүні жылуға жарымай отыр

26.01.2024

Түркістан облысының Кентау қаласында тұрғындар тоңып отыр. Қыс бел ортасынан ассса да, жылу мардымсыз - дейді халық. Шағын шаһарда қазандықтар істен шығып, қайта қосылғанының кесірінен үйдегі жылу құбырлары қанжылым болып, аяз түскелі тіпті суып кетіпті. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Кентау қаласындағы баспаналарға жылу дұрыс берілмей, тұрғындар тоңып отыр. Тізесі жылымаған жұрт қыс түскелі бері жылуға жарымадық дейді. Пәтерлерде құбырлар қанжылым болса, аяз түскелі тіпті суып кетіпті. Бүрсеңдеген халық пәтерінде қалың киініп, электр құрылғыларымен жылынуға мәжбүр.

Гүлзат Сейітжанова Кентау қаласының тұрғыны:

Үйдің бәрі көріп тұрсыздар, сыростьтың иісі шығып тұр. Осы көгеріп кеткен барлығы. Жылу жоқ.

Тұрғындар тиісті мамандарды шақырғанымен, одан нәтиже шықпапты. Себебі жылу орталығындағы ақаудан алты қазандықтың екеуі істен шығып, тек төрт қазандық қосылып тұр. Бүрсеңдеген жұрт тек жергілікті билік келіп тексергенде ғана үйіміз жылып, артынша жылуды өшіріп тастайды деп налиды. Жығылғанға жұдырық. Пешпен жылынып отырған тұрғындар енді жарықты да қымбаттатып жіберді деп отыр.

Әлия Кенжебаева, көпбалалы ана:

Жаурағаннан кейін электр пешін қосады. Тарифіміз 21 теңгеден басталып, 35 теңгемен тоқтайды. Телефонымдағы түбіртектерді көрсетсем, 35 мың, 32 мың, 28 мыңнан төлеп отырған қаншама адам.

Ал жауаптылар болса қазандықтың ақауынан қиындықтар туындап жатқанын жасырмады. Яғни жылу орталығында істеп тұрған төрт қазандықтың қаланы толық жылумен қамтуға күші жетпейді деп мойындады.

Талғат Ысқақов Кентау қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

4 қазандық бізде штаттық режимде жұмыс істейді. Бірақ профилактика дейді 2 апта сайын қазандықтарды тазалап тұру керек. Тазалайтын кезде біреуін тоқтатып, тазалайды. Сол кезде бізде жылудың температурасы түсіп жатыр. – 4 қазандықтың күші жетпей жатыр ма? – иа, 4 қазандықтың шамасы жетпей жатыр.

Оның үстіне жылу орталығына 600 дей нысанның артық қосылуынан көпқабатты үйлерге жылу жетпей қалған. Қазір жауапты бөлім мамандары 138 нысанды жылудан ажырату бойынша сотқа талап арыз түсірген. Ал қалған екі қазандық күрделі жөндеуден өтуіне байланысты жақын арада қосылмайтынын жеткізді.


Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу