Ресейде алтын-валюта қоры азайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде алтын-валюта қоры азайды

22.01.2024

Ресей үкіметі бір жылдың ішінде өзінің алтын-валюта резервінің 36% жоғалтты. Ал елді жаңа жылдан соң қайтадан қымбатшылық жайлаған. Азық-түліктен бөлек, автомобиль бағасы да шарықтады. Толығырақ тілшіміз тарқатады.

Ұлттық әл-ауқат қорындағы ақша 87 миллиард доллардан 55 миллиард долларға дейін қысқарды. Ал ұлттық банк былтыр базалық мөлшерлемені 5 рет көтерген. Бұл қымбатшылықтың артуына сеп болды.

Евгений Лебедев, қала тұрғыны:

Дәнді-дақылдар, көкөніс, жұмыртқа айтарлықтай қымбаттады. Сонымен қатар сырттан жеткізілетін жеміс-жидек бағасы да біршама өсті. Жалпы азық-түлік жыл сайын қымбаттап жатыр.

Санкциядан зардап шеккен салалардың бірі – автомобиль өндірісі. 2023 жылы көлік 40 пайызға қымбаттаған. Тіпті қытайлық автомобильдердің де құны үш, төрт есе өскен. Ауыл шаруашылығы саласында да импорттық тұқым жоқтың қасы.

Александр Мельников, экономика ғылымдарының докторы:

Бүгінгі таңда біз елді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін арнайы бағдарламалар керек деп есептейміз, азық-түлік қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс. Бұл үшін тиісті іс-шаралар жүзеге асырылмақ.

Былтыр инфляция 8 пайызға жуықтады. Банктер ипотека алу үшін пайыздық мөлшерлемені тағы өсірді, яғни 6 пайыздан 17 пайызға көтерілді. Сондықтан тұрғын үй бағасы арзандаған. Экономистер рубльдың долларға шаққанда құны түспесе, қымбатшылық өсе беретінін мәлімдеді.


Хабарламаларға жазылу