Жыл сайын Анадолы еліне 100 мыңдай отандасымыз демалуға барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл сайын Анадолы еліне 100 мыңдай отандасымыз демалуға барады

19.01.2024

Қазақстандықтар ең көп саяхаттап баратын елдердің үштігінде Түркия тұр. Жыл сайын Анадолы еліне 100 мыңдай отандасымыз демалуға барады. БҰҰ жасаған кестеге сай Түркияға өткен жылы 51 млн-нан аса адам демалауға барған. Төрт жағалауын теңіз шайған Түркия былтырғы алапат жер сілкінісінен кейін де туристер үшін ең қолайлы елдердің бірі болып тұр. Бауырлас елдегі туризм туралы Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында.

БҰҰ-на қарасты Дүниежүзілік туризм ұйымы мәліметінше 2023 жылы Түркия ең көп турист келген елдердің қатарында. Халықаралық ұйым жасаған тізімде Түрік елі алтыншы орында.

Ал ең көп турист барған үздік бес елдің тізімін Франция бастап тұр, одан кейін Испания, АҚШ, Қытай және Италия. Алтыншы тұрған Анадолыға былтыр 51 млн 200 мың адам саяхаттап келген. Түркия Туризм министрлігінің мәліметінше 2023 жылы туризмнен ел қазынасына 50 млрд доллардан аса пайда түскен.

Мехмет Нури Ерсой, Түркияның мәдениет және туризм министрі:
Қазір баламалы туризмді дамытуды қолға алдық. Яғни тек қана теңізге түсіп, жағажайда жату емес, туристерге тарихи, мәдени және кулинарлық турлар да ұсынамыз. Осы арқылы қонақтарымызға әр өңірдің тарихын, бай тағамдарын таныстыра отырып, үлкен қалаларымызға халықаралық «Гастро сити» сертификатын алып беруге ұмтыламыз.

Түркияға туризм мақсатында келетіндердің барлығы бірдей саяхаттау үшін келмейді. Бұл елде медициналық туризм де соңғы жылдары жақсы дамыды. Мәселен өткен жылы Түрік еліне емделу мақсатында 1,5 млн адам келген. Мамандардың айтуынша дертіне дауа іздеп келгендер қатарында қазақстандықтар да көп.

Халил Алыш, Стамбұлдағы «Медикал Парк Флория» ауруханасының бас дәрігері:

Қазақстаннан негізінен онкологиялық аурулар келеді. Бұдан бөлек өте күрделі операциялар жасату үшін келетін науқастарымыз да бар. Сондай-ақ кейінгі жылдары өзге елдердің дәрігерлерімен тәжірибе алмасу мақсатында да жұмыс істеп келеміз. Біздің ауруханаға бірқатар қазақстандық дәрігерлер де келіп, емдеу тәсілдері бойынша тәжірибе алмасып кетті.

2023 жылы Түркияның оңтүстік шығысында болған алапат жер сілкінісінен 11 ірі қала зардап шекті. Олардың көпшілігі туристік шахарлар болатын. Бірқатар сарапшылар енді Түркияға келетін турист саны күрт азаяды деген пайым жасаған еді. Дегенмен ел билігі жақсы жарнама мен сапалы қызмет көрсетудің арқасында елге турист тарта білді. Биыл бұл көрсеткішті еселеп, Анадолыға саяхаттап келетін турист санын 60 миллонға жеткізуді жоспарлап отыр.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу