Өзбекстанда қыс қаһарына мінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда қыс қаһарына мінді

17.01.2024

Өзбекстанда қыс қаһарына мінді. Елдің барлық өңірінде дерлік күн салқындап, таулы аймақтарда көлік қозғалысы қиындаған. Табиғи апаттар да тіркелді. Ауа райын болжаушылар суық күндер әлі жалғасады, - дейді.

Базаркүл Отыншиева, тілші:

Ташкентке биылғы жылдың алғашқы ақ ұлпа қары жауды. Кешелі бері күн айтарлықтай суытып, түнде ауа температурасы -2 градусқа дейін төмендеді. Ауа райы жаймашуақ болып келетін өлкенің халқы үшін бұл алаңдатарлық жағдай, өйткені тұрғындар былтырғы қатал қысты әлі ұмыта қойған жоқ.

Барлық энергетикалық жүйелер тәулік бойғы жұмыс режиміне көшкен. Табиғи газдың қысымы төмендесе, жұрт электр құрылғыларын қосып қуат тарату желілеріне жүк түсуі ықтимал. Сондықтан жағдай бақылауда, - дейді шенділер. Газ демекші биыл қажетті қор артығымен жиналып, жер асты қоймаларынан отын алу көлемі 40 млн текше метрге ұлғайған еді.

Хасан Тошхужаев, Өзбекстан республикасы Энергетика министрлігі ақпарат қызметінің басшысы:

Газ құю станциялары арқылы тұтынушыларға 14 миллион текше метрден астам газ сатылды. Бұл жоспардағыдан 103 пайызға артық. Бекеттерге 600 тонна сұйытылған газ жеткізілді. Электр станциялары 250 миллион кВт/сағат, немесе әдеттегіден 106 пайызға көп электр қуатын өндірді.

Таулы аймақтарға қар едәуір көп жауған. Салдарынан Қамшық, Амирсой асуларында көлік кептелісі туындап, қозғалыс қиындады.

Жол көлік оқиғалары көбейді. Мұнан бөлек, табиғи апаттар да тіркеліп отыр. Жызақ облысында қатты дауылдан әкімдік ғимаратының шатыры ұшып кеткен. Сол маңда тұрған бірнеше көлікке зақым келді. Абырой болғанда адамдар аман. Қазір шығын есептеліп жатыр. Узгидромет суық күндер жалғасады, - дейді. Аалдағы тәуліктерде ауа температурасы кей жерлерде -13 градусқа дейін төмендеуі мүмкін деген болжам бар.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу