Электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілмек

17.01.2024

Электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілмек. Бүгін Мәжілісте тоқпен жүретін көліктерге қатысты заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжатта — қуаттау бекеттерін орнату, тұрақта арнайы орындар бөлу қарастырылған. Мәжілістегі отырысқа әріптесім Шерхан Жамбұлы да қатысты. Шерхан елімізде электр көліктері көбейе ме?

Электр көліктерінің көбеюіне жағдай жасалады

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Экологиялық таза көлікке ертелі-кеш көшетініміз анық. Мәселен іргеде тұрған Қытай 6 жылдан кейін жанар-жағармаймен жүретін автодан толықтай бас тартуды көздеп отыр. Біздің ел де әлемдік тенденциядан қалыспауға тырысып жатыр. Қазіргі таңда Қазақстанда 9 мыңға жуық электр көлігі бар. Оларға бірқатр жеңілдік те бар. Мәселен утиль алымы және салықтан босатылған. Алайда қазіргі таңда қуаттау бекеттері дамымаған. Дегенмен қазіргі жанармай стансаларына тоқпен қуаттайтын орын ашу міндеті қойылмайды. Депутаттар пікірінше бизнестің өзі-ақ қызығушылық танытып, осы іске кіріседі. Ал, жаңа жолды салу кезінде стансалар орнатуға арнайы орындар белгіленіп, тоқ жабдықталады. Заңда осындай ереже енгізіледі. Депутат сөзіне назар салсақ.

Самат Мұсабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Сонымен қатар қуаттағыштарды паркингтерде орнату мәселесі де реттелмек. Ол үшін құрылыс кодексіне өзгеріс енгізіледі. Дегенмен өрт қаупі бар. Төтенше жағдай министрлігі арнайы өрт сөндіру регламенті жасалып жатқанын айтты. Бұл ретте Қытай тәжірибесі негізге алынбақ. Ал литий батареяларын өңдеу мәселесі әлі де шешімін таппаған. Экология министрлігінің сөзінше қазір әлемде тек Канада мен Қытайдың компаниясында ғана осындай технология бар. Келіссөз жүргізіп, елімізде осындай зауыт салу жоспары бар. Сонымен қатар электр көліктеріне қоғамдық тұрақтарда тегін тұруға мүмкіндік берілмек.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу