Орал қаласында 14-15 маусым күндері ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің VІІІ халықаралық «Атамекен» ән фестивалі өтіп жатыр.
Осыған орай туған жеріне келген мәртебелі мейманды облыс әкімі Алтай Көлгінов қабылдап, оған мықты денсаулық пен шығармашылық табыс тіледі.
Кеше облыстық қазақ драма театрында әнші-композитордың «Нұрлы таң» шығармашылық кеші өтті. Оған Ескендірдің ұлы, әнші-композитор Біржан Хасанғалиев те қатысып, қосыла ән шырқады.
Осымен сегізінші рет ұйымдастырылып отырған «Атамекен» ән фестиваліне алыс-жақын шетелден және республика өңірлерінен отыздан астам үміткер қатысуға тілек білдірді. Байқау мақсаты - Е.Хасанғалиевтің әндерін насихаттаумен бірге жаңа есімдерді ашу, жас таланттарға қолдау білдіру. Үздік орындаушылар арнайы дипломдармен, сыйлықтармен марапатталып, фестиваль гала-концертпен қорытындыланбақ.