Санкт-Петербургте Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Санкт-Петербургте Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті

26.12.2023

Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тауарлардың еркін қозғалысына тың серпін беру қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургтегі басқосуда ұйымдағы өзекті мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын атады. «Технологиялық кооперацияны экономиканың нақты секторында дамыту – басты міндеттердің бірі», - деді Президент. Жиында Мемлекет басшысы тағы қандай маңызды бастамалар көтерді. Шерхан Жамбылұлы сабақтайды.

Экономикалық одаққа келер жылы 10 жыл. Сондықтан да өткенді саралап, алдағы мақсат-мүддені айқындаған жөн.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан әуел бастан Одақтың экономикалық сипатын айқындайтын қағидатты берік ұстанды. Ұйымға мүше мемлекеттер өз істері мен шешімдерінде дәл осы күн тәртібінен ауытқымауға тиіс деп санаймыз.

Бестік елдері өзін-өзі азық-түлікпен толықтай дерлік қамтып отыр. Бұл 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Астық өзімізге ғана емес өзге де жетеді. Тек, санкция кедергі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Дүниежүзінде 800 миллионнан астам адам аштық пен азық-түлік тапшылығының зардабын тартып отыр. Өкінішке қарай, азық-түлік жеткізуге қазіргі геосаяси ахуал, әсіресе, бірінші кезекте санкциялар кедергі келтіруде. Сарапшылардың бағалауынша, Одақ елдерінің әлеуеті 600 милионға жуық адамға тамақ тауып беруге жетеді.

Одаққа мүше елдер шығыс пен батысты жалғап отыр. Логистикалық әлеует үлкен. Қазақстан ішкі жолдарын дамытып, алыс-берісті арттыруға үлес қоспақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз Қытайдың Сиань қаласында және Грузияның Поти портында қазақстандық терминалдардың құрылысын аяқтауға жақындадық. Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстанмен арадағы шекарада және Каспий теңізінде 5 трансшекаралық көлік-логистикалық хабын іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Одақ елдері Иранмен еркін сауда жасауға уағдаласты. Яғни, тауардың 90 пайызына кедендік алым алынбайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз Иранмен Еркін сауда туралы толық форматты келісімге қол қоюды құптаймыз. Бұл ел біздің сауда-экономикалық байланысымызда маңызды рөл атқарады. Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр, Индонезия, Моңғолия және басқа да мүдделі елдермен осы бағыттағы мақсатты жұмысты жалғастырған жөн.

Шерхан Жамбылұлы, Тілші:

Цифрлық технология мен жасанды интеллектті дамыту бүгінгі күннің басты талабы. Осы ретте Президент халықаралық желілерге қосылу үшін «Ресей – Қазақстан – Иран» бағытында талшықты-оптикалық желі тартуды ұсынды. Бұл жаһандық деңгейдегі деректер логистикасында ұйым орнын күшейтуге мүмкіндік береді деп есептейді.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу