Санкт-Петербургте Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Санкт-Петербургте Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтіп жатыр

25.12.2023

Санкт-Петербургте Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтіп жатыр. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та барды. Бестіктің басқосуында интеграциялық процестерді одан әрі дамытудың басты міндеттері мен негізгі бағыттары талқыланбақ. 

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Желтоқсанның аяғында Санкт-Петерборда бас қосу дәстүрге айналғандай. Бұл жолы жаңа жыл қарсаңында екі бірдей жиын жоспарланған. Нөмірі бірінші борт жергілікті әуежайға бүгін күндіз келіп қонды.

Әуелі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің басшылары ортақ мәселелерді талқыға салмақ. Қазақстанмен қатар Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения басшылары келген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Борис Ельцин атындағы кітапханада Владимир Путин қарсы алды.

Одақ алып нарық. 186 млн халық бар. Былтыр Қазақстанның ұйым елдерімен алыс-берісі 28 млрд доллардан асты. Келер жылы ұйымға 10 жыл. Атқарылған шаруа аз емес. Дегенмен түйіткілді мәселелер де баршылық. Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіп саласындағы әріптестікті күшейту керектігін айтып келеді. Сарапшылар пікірінше, бұл бастама шикізат тәуелділігінен арылуға көмектеседі.

Дмитрий Солонников, саясаттанушы:

Бізде ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлау жоқ. Экономикаларымыз бірдей. Шикізат сатып, жоғары технологиялық және өндірістік тауарларды сатып аламыз. Өнеркәсіпті күшейту қажет. Әр ел белгілі бір салаға бейімделсе онда ол бәріне де тиімді болады.

Тең әрі тиімді байланыс орнатып, еуразия аумағында Еуроодақ секілді кедергісіз кеңістік құру. Экономикалық ұйымның басты мақсаты осы. Әзірге кеден бекеттерінде әлі де кедергі бар. Сол себепті көлік-транзит әлеуетін дамыту маңызды. Ал үлкен жолдар біздің ел арқылы өтеді. Мәселен Иран мен Парсы шығанағына және Үндістанға шығуға мүмкіндік беретін «Солтүстік – Оңтүстік» транзит дәлізі, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» және «Транскаспий» халықаралық көлік дәлізінің әлеуеті зор.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Қазақстанның осы ТМД елдерінің арасында мүмкіндігі өте жоғары. Өйткені біздің басты ерекше біз көпвекторлы саясат ұстанғанымыз. +01:58 Сондықтан біз тек одақтың көлемінде ғана емес әлемдік деңгейде адами капиталы дамыған, инфраструктурасы дамыған, өнеркәсібі мықты ел ретінде көрсетсек онда ол Қазақстанның толыққанды экономикалық тәуелсіз ел екенін көрсетеді.

Иә, ұйым алғашқы қол қойылған шартқа сәйкес тек экономикалық интеграция мәселесімен айналысуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл пікірін бұған дейін бірнеше мәрте айтқан еді. Ал дәл қазір мемлекет басшылары кеңейтілген отырыс өткізіп жатыр. Президент ұйымды дамыту бойынша ойларын ортаға салады деп жоспарланған. Ал ертең Санкт-Петерборда ТМД елдері басшыларының бейресми кездесуі өтеді.


Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу