«Екібастұз жылуэнерго» мекемесі жылу бағасын 174 пайызға өсіруге өтінім берді. Монополист компания жанар-жағармай мен электр қуатының қымбаттағанын алға тартып отыр. Тариф көтерілсе, жұмысшыларға еңбекақы қосылады, - дейді. Ал, қазіргі баға осы күйінде қала берсе, компания қарызға белшеден бата бермек. Осы жылдың 1-қарашасында өткен қоғамдық тыңдауда жылу компаниясы тарифті 149 процентке көтеруді сұраған. Бірақ Монополияға қарсы орган өтінімді қабылдамай, қайта ұсынуға жолдаған болатын. Қазір Екібастұзда жылудың бір гигакалориі - 5579 теңге. Егер 174 пайызға өссе, 15 мың теңгеден асады.
Камилла Байғожанова, Табиғи монополияны реттеу жөніндегі департамент директорының орынбасары:
Олар орташа есеппен 147 пайызға қымбаттатуды сұрап отыр. Оның ішінде негізгі жүктеме бюджеттік мекемелерге түседі. Есептегіш құралы бар тұрғындар үшін өсім 15 пайыз, ал , есептегіші жоқ пәтер иелері үшін бірден 60% қымбаттайды. Бюджеттік мекемелер үшін 400-ден 700 процентке дейін қымбаттатуды ұсынған. Әзірге департамент нақты шешім қабылдаған жоқ. Комиссия шешетін болады.
Тұтынушыларға 58,4 млн теңге қайтарылады
Ал «ТаразТрансЭнерго» мекемесі тұрғындарға 58 млн теңге қарыз. Мекеме жылу тарифін негізсіз көтерген. Кәсіпорынды тексерген прокурорлар жаңғырту жүруі тиіс құбырлар жаңармағанын анықтады. Кәсіпорын биыл қалалық магистральді жаңартуды жоспарлап, құрылысқа қажетті қаржыны тұрғындардан түсетін ақшамен жаппақ болған. Сөйтіп, тұтынушылардан 58,4 миллион теңге болатын артық төлем алған. Монополияға қарсы заңды бұзған мекеме 550 мың теңге айыппұл арқалады. Ал жылу тарифі 5 пайызға төмендетілді.
Асылхан Тілешов, Қалалық прокуратураның бөлім бастығы:
2024 жылдың 1-қаңтарынан бастап 2025 жылдың 1-қаңтарына дейін 1 жыл көлемінде өтемді тариф енгізіліп, халыққа жалпы соммасы 58,4 миллион теңге қайтарылады. СКЛ Әрбір абоненттің жеке шоттарына бұл қаражат өндірілмейді. Тек алдағы уақыттағы төлемдерінен азайтылып шегеріліп отырады.
Болат Аманбайұлы