Астанада реновация аясында жаңа тұрғын үй кешені бой көтерді
Елордада реновация мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңғыртылған «Дәрмен-1» тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Жоба мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жеке инвестиция есебінен жүзеге асқан алғашқы нысан саналады.
Тұрғын үй кешені Байқоңыр ауданында орналасқан. 158 пәтерден тұрады. Құрылысы былтыр қаңтарда басталып, 17 айда толық аяқталды. Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімдігі, мемлекеттік органдар, құрылыс компаниясының өкілдері мен тұрғындар қатысты.
Талғат Рахманберді, Байқоңыр ауданының әкімі:
Осы жерде бұрын ескі ғимараттар болған. Ол әрине, біріншіден инфрақұрылымдық қолайсыздық туғызды. Екінші жағынан айналадағы көршілерге де қолайсыз болды. Мұнда көмірмен, ағашпен жылытатын үйлер болған. Қазір заманауи зәулім керемет үйлер пайда болып жатыр.
Кейінгі жылдары Байқоңыр ауданының қарқынды дамып келе жатқанына тұрғындар куә. Жаңа баспана да қолайлы жерде орналасқан, заманауи талаптарға сай абаттандырылған, дейді олар.
Лада Тиль, Байқоңыр ауданының тұрғыны:
Үй өте сапалы салынған. Дизайны ғажап. BI групп құрылыс компаниясына рахмет. Үйімізді мерзімінен ерте беріп жатыр. Баспананы дәл осы жерден алғанымызға қуаныштымыз.
Байқоңыр ауданында реновация жүргізу үшін жеке инвесторлар ескі үйлер мен жер телімдерін тұрғындардан сатып алып жатыр. Оларға жалпы ауданы 38,61 гектарды құрайтын 25 жер учаскесі бөлінген. Бүгінде 5,7 млрд теңге болатын 103 тұрғын үй кешені бойынша келісім жасалып, 51 ескі үй сүрілді. Жеке сектор өкілдері жыл соңына дейін тағы 40 нысанды жаңғыртуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы