Еліміздің бірқатар облыстарында ауа райының қолайсыздығынан жол жабылып, көлік қозғалысы қиындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің бірқатар облыстарында ауа райының қолайсыздығынан жол жабылып, көлік қозғалысы қиындады

14.12.2023

Еліміздің бірқатар облыстарында ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдарда жүру әлі қиындық туғызуда. Әсіресе, Түркістан мен Жамбыл облыстарында көліктер кептелісі туындап, жолаушылар арнайы ұйымдастырылған орындарға жеткізілуде. Маңғыстау облысында да көктайғақтың салдарынан барлық бағыттағы тас жолдар жабылып, жолда қалғандарға ыстық тамақ таратылды. Аймақтардағы жағдайды Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Жамбыл облысындағы Күйік асуында екі күннен бері жүк көліктері кептеліп тұр. Қозғалыстан қағылған транзиттік көлік саны 400-ден асты. Олар Шымкенттен Таразға, ары қарай Алматы, Бішкек бағытына жүруі тиіс еді. 

Әлімжан Юлдашев, көлік жүргізушісі:

Тұрмыз, жол жабық. Қашан ашылатынын құдай біледі. Қазір 500 көлік тұрған шығар. Дәретхана жоқ. Тамақ жоқ. Балалар бір-біріне нан беріп, әрең тұрмыз.

Тамақтан тарыққан көлік иелерінің жанармай қоры да таусылуға таяған. Ал полиция жол тазармай бірде-бір көлік жіберілмейді деп отыр. Аязды күні ашынған жолаушылар жолға төлеген ақымыз ақталып жатқан жоқ дейді. Ал Қазавтожол мекемесінің мамандары болса қатты боран салдарынан жолдарды тазалау қиындықтар туғызып жатқанын айтады. Жағдай әсіресе тау асулары мен оңтүстік өңірлеріндегі республикалық маңызы бар жолдарда туындауда. Қазіргі таңда жол тазалауға 1400-ге тарта жұмысшы мен 600 ге тарта техника жұмылдырылған.

Азамат Базарбеков, «Қазавтожол» ҰК АҚ менеджері:

Солтүстік өңірлерде ауа райының төмендеуінен дизельмен жүретін көліктерге шектеу енгізілді. Оңтүстік өңірлерімізде қатты жел соғып, желдің жылдамдығы секундына 40 метрге дейін барды. Соның салдарынан қатты борандар болып, көлік қозғалысына шектеу қойылды.

Ал Түркістан облысында соңғы үш тәуліктен бері республикалық маңызы бар және облыстық жолдар жабылған. Өткен тәуліктің өзінде құтқарушылар жүздеген жолаушыны жылыту бекеттеріне жеткізді. Араларында балалар да бар. Өңірде қатты желдің екпіні күшейіп, Кентау қаласы мен Созақ аудандарында тұрғын үйлердің шатырын ұшырды.

Созақта ғана емес, Қызылорда облысында да ғимараттардың шатырын ұшырып жатыр. Үскірік аязбен қатар соққан желден көпқабатты үйлердің қасбеті мен метал жабындылары ажырап кетті.

Ал маңғыстаулықтар болса жолда қалған жолаушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуде. Аймақта көктайғақтың салдарынан барлық бағыттағы тас жолдар жабылған болатын. Жолда шамамен 200-ге жуық көлік болған.


Айнұр Әбілқасмқызы

Хабарламаларға жазылу