Тәуелсіздік күні қарсаңында Қарулы күштердің үздік мамандары марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қарулы күштердің үздік мамандары марапатталды

14.12.2023

Елордада Тәуелсіздік күні қарсаңында Қарулы күштердің үздік мамандары анықталып, Отан қорғау жолында жүрген әскери қызметшілерге құрмет көрсетілді. Салтанатты рәсімде Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов «Әскер тарланы» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Бес жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Әскер тарланы» байқауында биыл 24 номинация болды. Кәсіби біліктілікті шыңдайтын жарысқа еліміздің барлық өңіріндегі әскери мамандар қатысты. Атап айтқанда, құралайды көзге атқан мергендер, үздік жауынгер спортшылар, әскери дәрігерлер мен байланыс саласының мамандары.

Руслан Тұрғымбайұлы,  ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы:

Жыл бойына әскери қызметшілер оқу жауынгерлік дайындық оперциясынан өтеді. Одан кейін түрлі оқу-жаттығуларға қатысады. Биылдың өзінде бізде көп деген ірі оқу-жаттығулар болды. Оның «Батыл тойтарыс» деген оқу-жаттығуы. Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы күштерінің Жоғары бас қолбасшының қатысуымен өтті. Осындай оқу-жаттығуларда үздік жағынан танылған мамандар күнібүгін осындай марапатқа ие болғалы жатыр.

Байқау жеңімпаздарын анықтаған комиссия мүшелері кіл мықтыларды даралап алу оңайға түспеді дейді. Себебі, бұл сайыста әскерилердің күш-қуат қабілеті ғана емес, психологиялық даярлығы мен жанқиярлық еңбегі сарапқа салынған. Сондай-ақ, жылдар бойы жинаған әскери тәжірибесі де есепке алынды.

Мирас Мыңбаев, 41433 әскери бөлімінің взвод командирі, «Үздік мерген» номинациясының жеңімпазы:

Белоруссия мемлекетіндегі мергендер жиынына қатыстық. Ол жақта жүлделі орындар алдық, ол жақтың тәжірибесімен алмастық. Сол тәжірибемен қазір біздің сарбаздарымызды оқытып жатырмыз.

Байқау жеңімпаздарына диплом, арнайы мүсінше және ақшалай сыйақы табыс етілді. Қорғаныс министрлігі үздік атанғандар әлі де үлкен даярлықтан өтіп, олардың дені Халықаралық армия ойындарында да ел намысын қорғайды деп отыр.


Тәуірбек Бозекен

Хабарламаларға жазылу