Ресейде асыл тұқымды жылқыларға сұраныс артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде асыл тұқымды жылқыларға сұраныс артқан

14.12.2023

Ресейдің Ставрополь өңірінде ат зауыты бар. Асыл тұқымды, таза қанды жылқы өсіретін бірегей жердің тарихы да терең. Қиын-қыстау кездерде жылқылардың тұқымын аман сақтап қалу үшін Қазақстанға эвакуацияланған. Еліміздің Батыс өңірінде жылқылар тез сіңісіп, үйренісіп кетеді. Осылайша қазақ жерінде аман қалған жануарлар қазір бүкіл әлемде сұранысқа ие. Өңірге барған тілшіміз Индира Бегайдар тарқатады.

Асыл тұқымды жылқыларды өсірумен айналысатын зауыттың 130 жылдық тарихы бар. Бірінші Дүниежүзілік соғыс кезінде талай қиындықтарды бастан өткерген. Ал екінші дүниежүзілік соғыста жылқылар жойылып кетуі мүмкін еді. Сондықтан Қазақстанға эвакуацияланады. Батыс Қазақстанда ауа-райының қолайсыздығына тап болған тұлпарлар көп ұзамай сіңісіп кетеді, кейін кері жеткізіледі.

Ольга Бирюкова, Асыл тұқымды жылқы зауытының бас зоотехнигі:

Соғыс кезінде көп құжаттар жоғалды. Нақты саны, атаулары көрсетілмеген. Дегенмен құтқарылған асыл тұқымды жануарлардың ұрпақтары қазір біздің аттарымыздың ішінде бар.

1944 жылдан бастап жылқы зауытының басты бағыттарының бірі-асыл тұқымды араб жылқыларын өсіру. Ол үшін барлық қажетті инфрақұрылым құрылды, ең құнды генофонд жинақталды.

Владимир Самойленко, Асыл тұқымды жылқы зауытының селекционері:

Өзінің тарихында ат зауыты түрлі жағдайларды бастан кешірді. Өткен жылдың 50-60 жылдары зауыт әлемге танымал бола бастады. Мәселен, біздің бірнеше жылқымыз Еуропада бәйгелерде чемпион атанды.

Бүгінгі күні «орыс арабы» атанып кеткен, зауытта өсірілген жылқылар халықаралық деңгейде, аукциондарда әрқашан ерекше сұранысқа ие.

Индира Бегайдар, Тілші:

Бұл жерде 300-ге жуық асыл тұқымды жылқы бар. Ал зауыт басшылары алдағы уақытта Қазақстанмен әріптестікті жандандырмақ. Мәселен Сердар сынды асыл тұқымды жануарлар елімізде бәйгерелде орын алып, жүлдемен оралған.

Мұнда өсірілген араб жылқыларының асыл тұқымды тұқымы Моңғолия, Австрия, Бельгия, Чехия, Румыния, Польшада сұранысқа ие. Сондай-ақ қазақстандық атбегілер де қызығушылық танытып жүр. Көптің көңілінен шыққан Баранесса асыл тұқымды жылқысы да Қазақстанға жіберіліпті

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу