Алматыда қалың қар қозғалысты қиындатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қалың қар қозғалысты қиындатты

12.12.2023

Алматыда тоқтаусыз жауып жатқан қардан кейін қалада кептеліс болып, жол-көлік оқиғасы жиілеген. Таңға дейін 33 жол апаты болып, 4 адам жарақат алған. Қаланы қардан тазалау үшін мыңнан астам жұмысшы жұмылдырылса да, түгел тазалап үлгермей жатыр. Оқушылар қашықтан оқуға көше ме? Алматыдағы ахуалды әріптесім Әйгерім Ердәулет баяндап беруге әзір.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Алматыда түннен бері жауған қар салдарынан тұрғындар әбден әбігерге түсті. Таңнан сағаттап кептелісте тұрған мектеп оқушылары сабаққа кешігіп, көп ата-ана да жұмысқа уақытында жете алмады. Әсіресе бұрылыстарда көп көлік кібіртіктеп әзер жүріп жатыр. Такси бағасы бірден қымбаттап шыға келді. Кеше кешке басталған қардың қалыңдығы қала және таулы жерлерде қазір 13-15 см-ге жетті. Көшелерді ақ ұлпадан аршу үшін 50 жедел патрульдік бригада, 325 арнайы техника, 1 мың 154 жолшы жұмылдырылды. Алайда, қарды жылдам тазалау мүмкін болмай жатыр.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Қар түнге дейін жаууы мүмкін. Қазір ауа температурасы минус 10-12 градус болып тұр. Кешке таман аяз көтеріліп, 16 градусқа жетеді, - дейді мамандар. Ал түнде 23-25 градус аяз болады. Бүрсігүні 25-27 градусқа дейін суытады деген болжам бар. Қалалық білім басқармасының өкілдері желтоқсанның 13-і мен 14-і күндері оқушылар онлайн форматта оқуы мүмкін деп отыр.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу