Еліміздің бірнеше қаласында істен шыққан жылу құбырлары қалпына келтірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің бірнеше қаласында істен шыққан жылу құбырлары қалпына келтірілді

11.12.2023

Соңғы күндері еліміздің бірнеше ірі қаласында жылу құбырлары мен станцияларынан ақау шығып, тұрғындар әбігерге түскен болатын. Мұндай жағдай – Теміртау, Балқаш, Атырау, Ақтау және Көкшетауда тіркелген еді. Қазір жағдай қаншалықты тұрақталды? Өңірлердегі ахуалды тілшіміз Руслан Нұрланұлы баяндасын.

Көкшетауда жүздеген тұрғын сарышұнақ аязда жылусыз қалды. Бұған қаланың қақ ортасындағы құбырдың жарылуы себеп болған. Ауа температурасы -37 градусқа дейін төмендеді. Қазіргі таңда барлық ақау жойылып, 13 көпқабатты үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қайта қосылды. Дегенмен жөндеу жұмыстары жалғасуына байланысты жеке сектордағы 40-тан астам үйге жылу біртіндеп берілуде.

Ержігіт Тұнғатаров, «Көкшетау жылу» мекемесі директорының орынбасары:

Қазіргі таңда қосу жұмыстарымен 7 жөндеу тобы жұмыс істеп жатыр. 26 адам, 5 арнайы техника. Жұмыс жүріп жатыр. Жекеменшік үйлерге. 42 жеке меншік үй болған. 15-іне жылу берілді. Қалғандарын қосып жатырмыз.

Ақтауда магистральдық жылу жүйесінің 72%-і тозған. «Ескірген құбырлар Маңғыстау энергетикалық комбинатынан жоғары қысыммен берілетін жылуға шыдас беретін емес. Сол себепті қалада күніне 5-6 рет ақау шығады, - дейді коммуналдық мекеме өкілі. Осы демалыста жарылған жылу құбырының 40 жылдан бері ауыстырылмағаны белгілі болды. Салдарынан он алты шағын аудан бір тәулік жылусыз және ыстық сусыз отырды.

Атыраудың бірнеше шағын ауданы бір түнде сусыз қалды. Аяз әсерінен Жайық өзенінің деңгейі 15-20 см дейін күрт төмендеп, мұз қатқан. Салдарынан сорғы стансалары істен шығып, кейін қосылды. Қазір жағдай қалыпты.

Ерболат Омаров, Атырау қаласы әкімінің орынбасары:

Суды штаттық режимге сағат 17:00-ге дейін қосты. Соның ішінде толығымен жоғары қысыммен сәйкесінше сағат 19:00-де су айдау жұмыстары жүргізілді.

Теміртаудағы ҚарГРЭС-1 станциясында сорғы істен шықты. Станция кеншілер шахарының ескі аумағын жылытатын. Мамандар уақытша қазандық агрегатын қосымша мазутпен жылыту жүйесіне қосты. Осы аралықта ескі қала аумағындағы 13 көшенің үйінде температураның төмендеуі байқалған. Қазір жағдай тұрақталды. Ақау толық жөнделгенше мазутпен жылыту жалғасады.

Балқашта да 9-ы желтоқсанда орталық магистральдың бірінде ақау шығып, 5 көшенің үйі жылусыз қалған болатын. Арнайы штаб құрылып, коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп бір түнде құбыр ауыстырылды.

Жалпы Балқаш бойынша жылу құбырлары 75-ға тозған,-дейді мамандар. Қазір қаладағы үйлерде жағдай қалыпты. Дегенмен Арқада аязды күндер әлі жалғасатындықтан коммуналдық қызмет жұмысты ақсатпау қажет екені облыс басшылығы тарапынан тағы бір мәрте тапсырылды.


Хабарламаларға жазылу