Жыл қорытындысына шолу: Экономикалық жетістіктер мен инвестиция тарту қарқыны - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл қорытындысына шолу: Экономикалық жетістіктер мен инвестиция тарту қарқыны

11.12.2023

Өнеркәсіпті дамыту, экономиканы демонополизациялау және заңсыз алынған активтерді мемлекет меншігіне қайтару. Сарапшылар, депутаттар мен қоғам белсенділері ел экономикасының дамуына оң әсер еткен негізгі бастамаларды атады. Биылғы Президент Жолдауының негізгі мазмұны да осы экономикалық салаға негізделген. Сонымен еліміз жаңа экономикалық модельге көшу үшін не істеп жатыр? Тілші шолу жасап көрді

Айя Мүтәлі, тілші:

Жыл басында Үкімет алдына инфляцияны екі есе төмендету міндетін қойды. Ал, президент күздегі жолдауында жаңа экономикалық модель құруды тапсырды. Жыл аяқталуға аз қалды, нәтиже бар.

Ұлттық экономика министрлігінің есебінше, елімізде экономикалық өсім жақсарып келеді. Инфляция жоспардағыдай 10,8 пайызға дейін төмендеген. Жалпы ішкі өнімнің де көлемі артқан.

Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Саясат экономикамен бірлесіп жұмыс істеуі керек. Бірге болуы керек. Қазақстанның негізгі басым бағыты бойынша ашық болуы керек. Ашық экономика болуы керек.

Ал инвестициясыз жалпы ішкі өнім өспейді. Былтыр ел экономикасына 28 млрд АҚШ доллары көліменде қаржы салынған. Қаражаттың дені Нидерланды, Қытай, Түркия және Франциядан түскен. Президент экономиканы одан әрі көтеру үшін 2029 жылға қарай инвестиция көлемін 150 млрд АҚШ долларына жеткізуді тапсырды. КСМ: Ал жоспарды орындай алмағандар жауапсыз қалмайды. Инвестициялық ахуал нашар болса, министр де, әкім де жазаланады. Президент жақында бұл заңға қол қойды.

Руслан Ибраимов, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Көбіне жобаны іске асыру барысында қиындықтар туындайды. Әсіресе, жер учаскесін таңдау, сол аймақты инфрақұрылыммен қамту, техникалық мүмкіндіктерді тексеру және субсидия бөлу кезінде проблема болып жатады. Соның кесірінен шетелдік инвесторлармен келіссөздер ұзаққа созылып, жобалар аяқсыз қалатын. Енді бұл мәселелер республикалық деңгейде көтеріліп,тез арада шешілетін болады.

Үкімет өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемін арттырмақ. Яғни, шикізатты өз елімізде өңдеуге басымдық беріп, отандық өндірушілерге қолдау көрсетуге ден қойды. Биыл өнеркәсіп саласына 1,2 трлн қаржы салынды.

Лаура Садықова, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіптік саясат департаментінің директоры:

Жалпы, алдымыздағы мақсатымыз 2030 жылға дейін 1 мың 104 инвестициялық жобаны іске асырамыз ба деген ойымыз бар. Жалпы құны 36 триллион , 171 мың жұмыс орны ашылады деген жоспарымыз бар.

Сонымен бірге, елімізде жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Онда кәсіпкерлерді салық төлеуге ынталандыру шаралары көзделген. Биыл қазынаға түскен кіріс 16 трлн 600 млрд теңгеге жетіп, 23 пайызға артты. Бұл көрсеткішті тағы еселендіру міндеті тұр.

Гаухар Нуртазина, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті талдау және статистика басқармасының бас сарапшысы:

Салық түсімдері шағын бизнес бойынша байқалады. Шағын бизнес бойынша салық түсімдері 1,6 трлн теңгеде түсіп, өткен жылмен салыстырғанда 32 пайызға өсті. Экономика салалары бойынша сауда, көлік және қоймалау салалары бойынша өсімдер байқалады.

Айя Мүтәлі, тілші:

Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін қолға алынған шаралар да аз емес. Биыл банкроттық туралы заң күшіне еніп, 7 мыңнан астам адамның несиесі кешірілді. Олардың қаржы ұйымдары алдындағы жалпы берешегі 11 миллиард теңгеден асады.

Хабарламаларға жазылу