Риддерде өзен арнасынан асып, үйлерге су кірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Риддерде өзен арнасынан асып, үйлерге су кірді

08.12.2023

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы іргесінен ағатын Хари-узовка өзенінің деңгейі көтеріліп, сол маңдағы жеке 2 үй мен 4 аулаға су кірді.

Олжас Керейхан, тілші:

Өзен суы өткен түнде көтеріле бастаған. Бүгін таңертең арнасынан асқан су жағаға жайылды. Табиғи жағдайға байланысты қала әкімдігі тұрғындарды хабардар етіп, эвакуацияға дайындады. Ол үшін қаладағы колледждердің бірінен бөлмелер әзірленді. Ал суды сорғызуға төтенше жағдайдың 20 қызметкері және 7 техника мен 2 мотопомпа жұмылдырылды. Оған қоса, арнайы техникамен өзен арнасын кеңейтіп, мұзды тазартқан. Түске дейін судың деңгейі 30 сантиметрге дейін төмендеген. Аула мен үйлер судан толық тазартылды. Қазір тек жертөледегі су шығарылып жатыр. Риддер қаласының әкімдігі шығынды есептеу үшін арнайы комиссия құрды. Аймақ басшысы қазір Риддерде жүр. Қаланы су, жылумен қамтитын коммуналдық мекемелер қалыпты жұмыс істеп тұр.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу