Бүгінде Шымкент қаласы кәсіп ашып, нәсібін ұлғайтамын деген жандарға ең қолайлы аймақ. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ел игілігін еселеуге үлес қосамын деушілерге жол ашық дейді. Биылдың өзінде, шаһардағы бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 50 пайызға жеткен.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі:
Қолдау шараларының нәтижесінде соңғы 5 жылда белсенді жұмыс істейтін кәсіпкерлер саны 2 есеге ұлғайып 131 мыңнан асты. Бұл бір жағынан азаматтардың іскерлік мәдениетін көтеруге ынталандырса, екіншіден, қала тұрғындарының 30% -дан астамын жұмыспен қамтып отыр.
Өндіріс көлемі артқан
Шымкент қаласы өндірісімен-ақ өзге өңірлерге үлгі болып келеді. Себебі дәл осы сала арқылы қазынаға 59 млрд салық әкелген. Қазір сауда-логистикалық орталықтары кеңейіп, «Өңірлік хаб» құру жұмыстары басталып кеткен.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі:
11 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылып, 373 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде келесі ірі жобалар бар. «Shymkent Temir» – болат - блюм өндіретін кәсіпорнының өндірістік қуаттылығын арттыру. Құны – 5,0 млрд теңге, жылына қосымша 250 мың тонна өнім береді. 250-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
Тәуірбек Бозекен, тілші:
Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында мәлімдеме жасаған Ғабит Сыздықбеков қаладағы қордаланған мәселелерге де тоқталды. Күннен күнге үлкейіп келе жатқан шаһарды жарықтандыру, сумен, жылумен қамтамасыз ету, жол салуға қатысты нақты жоспарларымен бөлісті. Жол демекші, бір ай бұрын «Ташкент-Алматы-Түркістан» бағытыттарын қала орталығымен қосатын 210 шақырым тас жолы ел игілігіне берілді.
Тәуірбек Бозекен