Жылу үздіксіз беріледі – СҚО әкімі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылу үздіксіз беріледі – СҚО әкімі

04.12.2023

Өткен жылы мұржасы құлаған Петропавлдағы жылу электр орталығын жөндеуге инвестор 12 млрд теңге қаржы бөлді. Алдағы 2 жылда апатты мектептердің мәселесі де түбегейлі шешіледі. Бұл туралы Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте СҚО-ның әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов айтты. Өңір басшысы аймақтың даму қарқынына шолу жасап, күрмеулі мәселелерге тоқталды. Жандос Темірғали рет-ретімен тарқатып айтады.

Жандос Темірғали, тілші:

Жылу электр стантасындағы жөндеу, штатты режимдегі жұмысқа әсер етпейді. Әкім, биыл Қызылжар жұрты қыста тоңбайды деп кепілдік берді. Жыр болған мұржа, құрылыс кезінде білігінен қисайып, қазір қайта бұзылып жатыр. Зертхана қорытындысынан кейін қалай салынатыны айқындалады. Биылғы жыл Терісткейдегі диқандарды да әбден тығырыққа тіреді. Егін орағы алдындағы маусым жауын-шашынды болды. Сһөйтіп, бидай сапасына әсер етті. Бірақ, солтүстікқазақстандық диқандар қаптаған қиындыққа қарамастан 3 млн 700 мың тонна астық жинады. Бұл аграрлы аймақтар арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Ғауез Нұрмұхамбетов қамбадағы өнімді өткізу жолын айтты.

Ғауез Нұрмұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Мемлекеттік комиссиямен квота шықты. 97 мың тоннаны мемлекет сатып алады. 2-3 классқа 120 мың теңгеден бағасын беріп отыр. Қандай берекшектері бар, мемлекетке осы бағамен сатып, сол берекшектеріне есеп жасаймыз.

170 мектеп спутниктік желі арқылы интернетке қосылады

Солтүстік Қазақстан облысында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 80%-дан асты. Қазір өңірде құны 469 млрд теңге болатын 39 инвестициялық жоба іске асып жатыр. Нәтижесінде, алдағы 3 жылда 6 мыңдай адам еңбекпен қамтылады. Желтоқсанның соңына дейін 5 мың тұрғын үйлі болады деп көзделген. Апатты мектептерден де құтылатын күн алыс емес. Ұзын саны 720 орындық 2 білім ошағы балалардың игілігіне берілді. Тағы 8-і салынады. Бұған қоса, 170 ағарту ордасы «Старлинк» спутниктік желісі арқылы интернетке қосылады. Биыл сумен қамтуды қаржыландыру 1,9 есеге өсті. Жоба өңірдегі 58 ауылды қамтыды.


Хабарламаларға жазылу