Қазақстанда бизнесті жоспарлы тексеру екі есе азаяды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда бизнесті жоспарлы тексеру екі есе азаяды

03.12.2023

Құзырлы органдар хостелдерді жаппай тексере бастады.

Мәселен, елордалық төтенше жағдай қызметкерлері кеше жөртөледе орналасқан кейбір хостелде қауіпсіздік талаптары сақталмайтынын анықтады. Мысалы, мына хостелде қарапайым дабыл сигналы жоқ. Ал мұнда соңғы тексеру 2 жыл бұрын болған. Содан бері қараусыз. Өйткені, қазір шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий бар.

Мадияр Мұрзагелдиев, қалалық ТЖД басқарма бастығының міндетін атқарушы:

Кәсіпкерлік Кодекс бойынша арыз-өтініштер түсетін болса, біз тексеріп, әкімшілік іс қозғайтын боламыз. Профилактикалық жұмыстың нәтижесін біз қала әкімдігі мен прокуратураға жібереміз.

Яғни, тұтынушыдан шағым түспесе, мемлекеттік орган іске кірісе алмайды. Сондай шағымдар бойынша жыл басынан бері 314 нысан тексеріліп, 1700-дей заң бұзушылық анықталған. 3300-дей нысанға профилактикалық бақылау жүргізіліп, 35 мыңдай ескерту жасалған.

Төтенше жағдай қызметі тексеру нәтижесінде шара да қолдана алмайды, тек рекомендация береді. Бұл да мораторий талабы. Ал кейбір Мәжіліс депутаттары мен сарапшылар бизнеске осылай көмектесеміз деп адам қауіпсіздігі ұмыт қалды дегенді көптен айтып жүр.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біріншісі Екібастұздағы жағдай, Маектегі жағдай, Қаратұрымдағы апат. Кешегі Қарағандыдағы шахтадағы мәселелер. Бұл бүкіл өндірісте үлкен проблема. Неге, біз олардың бәрін қорғап, бизнесті дамытады деп оларды тексеруді прокуратура органдары арқылы реттеп қойдық. Қазір бірде-бір өндірістік қауіпсіздік, экологиялық қауіпсіздік мәселесі болсын, кіре алмайды. Олардың қолы байланған. Заңмен байлап қойып отырмыз, ал арты адамның өліміне әкеліп жатыр.

Яғни, депутат заңды күшейту керек дейді. Ал, кейбір қоғам белсенділері төтенше жағдай қызметіне толық бақылау функциясын алып, қауіпсіздікті назарда ұстап, соған тікелей жауапты болуы тиіс деген пікірде. Бірақ, ол құзіретті мемлекеттік орган шамадан тыс пайдаланбасына кім кепіл? Өйткені, мораторий да осы мақсатта жарияланған. Ал, мораторийдің бітуіне 1 ай қалды. Келесі жылдан бастап тексерулер қайта басталады? Жалпы, 4 жылдық мораторий бизнестің дамуымен қатар қауіпсіздіктің сақталуына қалай әсер етті? Аманкелді Сейтхан мамандар пікірін зерделеп көрді.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий 2020 жылы қаңтарда басталған. Өткен жылдың соңында аяқталуы тиіс еді. Алайда, кәсіпкерлер өтінішімен және бизнеске кедергі келтірмеу керек деген себеппен Президент жарлығымен тағы бір жылға созылған.

Осылайша кәсіпкерлер 4 жылдан бері өз ісін кедергісіз жүргізіп келеді. Жауапкершілік бизнесмендердің өздерінде. Ал Қазақстанның тұтынушылар лигасы қауымдастығының төрағасы Светлана Романовская бұл жеңілдік қауіпсіздік нормаларының жиі бұзылуына әкеп соқтырды дейді.

Светлана Романовская, Қазақстанның тұтынушылары лигасы қауымдастығының төрағасы:

Мораторий кәсіпкерлерді босаңсытып жіберді. Өйткен, біздің тұтынушылар құқығын талап ете алмайды. Осы тұста қауіпсіздікке мемлекет кепіл болуы тиіс. Мемлекеттің негізгі функциясы да сол. А, бізде жауапкершілікті кәсіпкерге беріп қойған.

Мораторийді пайдаланған кейбір кәсіпкерлер ешкім тексермегесін түрлі қулықтарға баратынын Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков те айтты.

Таңсәуле Серіков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Шаханда болғанда бір қарапайым дүкенге мүгедектігі бар адамдардың кіріп-шығатын пандустың өзі жоқ. Сонда әкімнен сұрағанда ол жерде мораторий, сол себепті дүкенге пандус салғыза алмаймыз деген. Бұл бір мысал ғана.

Одан бөлек, фис¬калдық чек бермеу, тауар бағасын көрсетпеу, тыйым салынған жерде газ баллонын пайдалану сияқты мысал көп. Ресми статистика бойынша 2020-21 жылдары «Шот-фактураларды жазу тәр¬тібін бұзуға» қатысты 3000, «Салық есебін дұрыс өткізбеу» бойынша 16 мың іс қозғалған. Оған қоса, қоғамды елең еткізетін оқиғалар да жетерлік.

Светлана Романовская, Қазақстанның тұтынушылары лигасы қауымдастығының төрағасы:

Мысалы, жаппай тамақтан улану деректері, аттракциондарда жарақат алатындар көп. Нақты айтсақ, Алматыда бассейнде балалар уланды. Басқа елден әкелінген вирус жұқтырған малдың еті сатылып кеткеннен кейін оның улы екені анықталды. Осындай мысалдар көп.

Ал, экономист Максим Барышев мораторий кәсіпкерліктің дамуына оң ықпал етті деп есептейді. Мысалы, биыл кәсіпкерлік белсенділік деңгейі 90 пайызға жеткен. Елдегі шағын және орта бизнес субъектілері 2 млн-нан асқан. Оның бәрі заң бұзушы емес. Сондықтан тексеріс мәселенің шешімі емес дейді ол.

Максим Барышев, экономист:

Тексеріспен адам өмірін құтқара алмайсың. Мүмкін, қайғылы оқиғалардың көбеюіне мораторийдың жанама әсері болған шығар. Бірақ бастысы жауапкершілікті арттыратын заңдар қажет.

Ұлттық экономика министрлігі өкілінің сөзінше де заң талабын бұзу мораторий кезінде көбейді деу статистикаға сай емес.

Жарас Сұлтанбек, ҚР ҰЭМ Кәсіпкерліктi дамыту саясаты департаментінің басқарма басшысы:

Мораторийдің адамдарға алып келетін ешқандай қауіп қатері болған жоқ. Авариялар жаңағы бұзушылықтар сол деңгейде екен, 19 яғни оның алдындағы жылмен салыстырғанда.

Қалай десекте, осы жылдың соңында мораторий аяқталады. Келер жылы тексерулер басталады. Ал сол кезде мемлекеттік органдар қалай жұмыс істеуі керек?

Гүлнәр Құрбанбаева, Қарағанды облысы кәсіпкерлер қауымдастығының президенті:

Мемлекеттің мақсаты айыппұл салу болмау керек. Тексерістің мәні қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бақылау арқылы заң бұзушылық неге болып жатқанын анықтап, оны түзеуге мүмкіндік беру.

Максим Барышев, экономист:

Негізі 100-деген талап бар. Егер мемлекеттік орган қателік табам десе, табады. Қазір кәсіпкерлер негізсіз тексеріс көбейіп кетпей ме деп те қорқып отыр.

Сондықтан осы мораторий кезінде бизнесті тексеруге қатысты талаптар реттелді деді Ұлттық экономика министрлігі өкілі. Яғни, мемлекет бақылауы тиіс, бірақ оны қалай жүзеге асырудың тәртібі енді нақтыланған.

Жарас Сұлтанбек, ҚР ҰЭМ Кәсіпкерліктi дамыту саясаты департаментінің басқарма басшысы:

Кәсіпкерлік қызметті тексеретін қызметтің кейбір салалары жалпы тәртіптен алынған. Оны жалпы тәртіптен алуға болмайды. Бүгінгі таңда 19 бақылау саласы бар. Біз соның 10 саласында жедел әрекет ету шарасын білгілеп жатырмыз. Ол деген не мысалы, мемлекеттік қадағалау деген ұғым бар, ал оны қалай жүзеге асыру туралы жаңағы мемлекеттің органның құқықтары тәртібі енді қарастырылған.

Одан бөлек, тексеріс кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін енді нысандар автоматты жүйе арқылы анықталады.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министі:

Физикалық тексерулер тиісті автоматтандырылған, жасанды интеллекпен анықталады. Ол адамның қатысуынсыз жүреді.

Бизнесті тексеру талаптары да 2 есе азаймақ. Яғни, кәсіпке кедергі келтіретін қауіптер барынша кеміп жатыр, ал енді кәсіпкерден керегі өз ісіне деген жауапкершілік. Айта кетейік, бұл заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған. Қазір 2-ші оқылымға дайындалуда. Осы уақыт аралығында депутаттардан 1,5 мың ұсыныс түскен. Көбі тұтынушылардың қауіпсіздігін сақтауға қатысты.

Аманкелді Сейтхан


Хабарламаларға жазылу