Түркістан облысының таулы аумақтарынан 270 жер учаскесі заңсыз беріліп, онда элиталық саяжайлар салынып кеткен. Мұндай заңбұзушылықтар прокурорлық тексеру кезінде анықталды. Қадағалау органы өкілдерінің мәліметінше, Төлеби ауданында азаматтарға жалған құжаттар ұсыну арқылы 26 жер учаскесі рәсімделген. Тағы 28 жер учаскесінің мақсаты заңсыз өзгертілген. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар Түркістан қаласы мен Сарыағаш, Сайрам, Төлеби және Түлкібас аудандарындағы 200 ауыл шаруашылық жерінің нысаналы мақсаттарын негізсіз тұрғын үй құрылысы және демалыс аймақтарына өзгерткен. Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне қатысты билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану және алаяқтық фактілері бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды.
Айнұр Әбілқасымқызы