Алматыда хостел өртеніп, 13 адам көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда хостел өртеніп, 13 адам көз жұмды

30.11.2023

Бүгін таңертең Алматыдағы хостелден өрт шығып, 13 адам көз жұмды. Жатақханадан шыққан өрт туралы алғашқы хабарлама таңғы 05:33-те келіп түскен. Өрт сөндірушілер келген кезде үш қабатты үйдің жертөлесі жанып жатқан. Ғимараттың бірінші қабаты мен жертөлесі хостел ретінде жабдықталған.

 Әйгерім Ердәулет, тілші:

Өрт болған хостел аумағын қазір полицейлер қоршап тастаған. Ішке кіру мүмкін емес. Ғимарат ішінде тергеу жұмыстары жүріп жатқаны түсінікті. Енді оқиға қалай болғанын рет ретімен баяндап берейін. Өрт таңғы 05:00 шамасында жертөледегі матрастың тұтануына басталған болуы мүмкін. Қою түтін жоағрғы қабаттарға дейін жеткен. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері осылай болжап отыр. Өрт болған кезде хостелде 72 адам болған. Жертөледен шыға алмай қалған 13 адам газдан уланып көз жұмды. 59-ы эвакуацияланған. Полицияның соңғы ақпары бойынша көз жұмған 9 адам қазақстандық, екеуі Өзбекстан және екеуі азаматы. Әкімдік өкілдері хостелде болғандардың көбі жастар, медицина университетінің студенттері деді. Жерт өленің терезесі болмағандықтан марқұм болған 13 азамат шыға алмай қалған деген де ақпарат бар. Өрттен аман-есен шыққан куәгерлерді тыңдап алсақ.

Фоэз Хейдера,куәгер:

Йемен елінің азаматымын. Медицина факултетінің студентімін. Кеше ғана сағат 11:00 шамасында хостелге келдім. Екі досым осы жерде тұрады. Досым қазіргі уақытта ауруханаға жеткізілді. Жаңа ғана онымен сөйлестім денсаулығы жақсы, өзі сөйлей алады. Кеше мен келгенде ешқандай иіс байқамадым.

Жатақхананың 30 шаршы метр жері өртенген. Ресми ақпарат бойынша, хостелдің ашылғанына 1,5 ай ғана бюолған. Әкімдік, жертөлені жатақханаға айналдыруға рұқсат бермедік деп отыр. Оқиға орнына жеткен Алматы әкімі Ерболат Досаев өрт болған хостел жайлы былай деді.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

Жертөлені жатақханаға айналдыруға рұқсат берілмеген. Мәселенің мән-жайы тергеуден кейін белгілі болады. 

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Қазір эвакуацияланған адамдарға уақытша баспана берілді, сондай-ақ ас- ауқат жеткізіліп жатыр. Ал тек қойма болуға жарамды жертөленің қалай жатақханаға айналып кеткенін бүгін таңертең құрылған арнайы комиссия анықтайтын болады. Әкімдік пен төтенше жағдайлар қызметі кәсіпкердің жұмыс істеуге ешқандай құжат алмағанын айтып отыр. Ал жертөленің өзі екінші деңгейлі банктердің бірінде кепілде тұрғаны белгілі болды.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу