Алматыда коронавирустан бір адам көз жұмды

16.04.2020

Алматыда бүгін коронавирустан 60 жастағы науқас көз жұмды. Қалада осымен үшінші адам індеттің құрбанына айналды. Ал вирус жұқтырғандар саны күн санап өсіп барады. Бүгін тағы 28 тұрғыннан ауру белгісі анықталып, вирус жұқтырудың 398 фактісі тіркелді.  

Талдаулары оң нәтиже беріп, коронавирус анықталғандардың саны бүгін 28-ге көбейіп, науқастар саны 400-ге жуықтап барады. Соңғы тіркелгендердің арасында Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының 1 қызметкері бар. Сонымен вирус жұқтырған медицина мамандарының саны 219-ға жетті. Дертпен бірге дәрігерлердің жанжалы да өршіп тұр. Орталық қалалық клиникалық аурухана гинекология бөлімшесінің қызметкерлері қаланың бас санитар дәрігері Айзат Молдағасымованы сотқа бермекші. Адвокаттары сотқа дейінгі шағым беру процесіне кіріскен. Естеріңізге сала кетейік, осыдан 3 күн бұрын онлайн брифинг кезінде Бас санитар індеттің бақылаудан шығуына кінәлі - дәрігерлердің өздері, сақтық шараларын сақтамауынан болуы мүмкін екенін айтқан еді. Бұл мәлімдеме медицина қызметкерлердің шамына тиіп, олар вирустың қаншалықты қауіпті екенін және қорғану жолдарын жақсы білетінін айтуда.

Бүгін Covid-19-дан тағы 7 адам сауығып, үйіне шығарылды. Қазір қала бойынша жалпы 67 науқас індеттен айықты.

Жазира ОРАЗҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу