Ыстамбұлда жаңбыр соңы селге айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ыстамбұлда жаңбыр соңы селге айналды

29.11.2023

Түркияда бірнеше күннен бері қатты жел мен жаңбыр толастамай тұр. Бүгін Ыстамбұл қаласында нөсерлі жауын. Көшелер мен үйлерді су басып, көлік қатынасы қиындаған. Түркиядағы меншікті тілшіміз Айдос Әшімұлы жағдайды толығырақ баяндасын. 

Айдос Әшімұлы, тілші:

Ыстамбұлда жауын әлі шелектеп жауып тұр. Бүгін таңертең басталған нөсер жаңбыр Ыстамбұл көшелерін көлге айналдырып, кей аудандарда үйлердің төменгі қабаттарын су басты. Шаһардағы күре жолдардың да кей жерлерін су басқандықтан көлік қатынасы қиындады. Әкімдіктің хабарлауынша, бүгін түс кезінде мегаполистегі көлік кептелісі 67 пайызға жеткен. Бұдан бөлек, Босфор бұғазы арқылы жүретін қалаішілік және қалааралық барлық кеме қатынасы тоқтатылды. Себебі қатты желдің кесірінен биік толқындар көтеріліп, кемелердің жүруіне қауіп төндіріп тұр. Ал кей жерлерде жағалауға байланып тұрған шағын балықшы қайықтары суға батты. Жел, әсіресе, Қара теңіз жағалауында қатты болып тұр.

Айдос, ауа райының қолайсыздығынан жарақат алған немесе зардап шеккен адамдар бар ма?

Айдос Әшімұлы, тілші:

Әзірге жарақат алған немесе зардап шеккендер туралы нақты ақпарат жоқ. Дегенмен кеше түнде Қара теңіздің Ыстамбұлға жақын жағалауында сұрапыл желдің кесірінен қайраңға шығып қалған бір жүк кемесінің 11 экипажы құтқарылды. Ал енді осыдан бірнеше күн бұрын Зонгулдак қаласы маңында суға кеткен жүк кемесіндегі 7 теңізшінің денесі әлі де табылған жоқ. Іздестіру жұмыстарына қолайсыз ауа райы да кедергі келтіріп тұр. 

Хабарламаларға жазылу