Қожа Ахмет Яссауи кесенесі стратегиялық нысандар қатарына қосылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі стратегиялық нысандар қатарына қосылмақ

29.11.2023

Бұдан былай әйгілі Қожа Ахмет Яссауи кесенесі стратегиялық нысандар қатарына қосылып, арнайы күзеттің бақылауында болады. Бұл туралы Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинге Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды айтты. Өңір басшысы аймақтың даму қарқынына шолу жасап, күрмеулі мәселелерге тоқталды.

ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралары тізіміне кіретін Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қатысты алаңдауға негіз бар. Тарихи нысанға лаңкестер шабуыл ұйымдастырып, жарып жібермекші болған. Абырой болғанда, терактіге жол берілмеді. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында жергілікті әкімдік Үкіметке хат жолдады. Стратегиялық тізімге енгізілгеннен кейін арнайы күзетпен қамтамасыз етіледі. 

Дархан Сатыбалды өңірдің ең өзекті мәселесіне айналған – ауыз су туралы да айтты. Биыл 20 елдімекенге жаңадан су құбыры тартылады, 11 ауылдағы тозығы жеткен жүйелер жаңартылады. Нәтижесінде тұрғындарды сапалы тіршілік нәрімен қамту үлесі 88 пайыздан асады.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі:

Ең үлкен проблема – бізде жерасты суы төмендеп кетіп жатыр. Түркістан қаласының өзінде де біз ұңғыма қазып, 50-60 метрден су алатын болсақ, қазір 300 метрге дейін төмендеп кетті. Бастаған жұмыстардың бәрін ауыз су мәселесі бойынша оны біз тапсыруға, аяқтауға тиіспіз.

Түркістан агросекторда көш бастап тұр

Құрылғанына 5 жыл болған Түркістан облысы ел агросекторының күретамырына айналып үлгерді. Биылғы өнім көлемі 1 трлн теңгеден асып, республикада көш бастады. Ет экспорты бойынша да алдыңғы орында. Ал өнеркәсіптік өнім көлемі 2 пайызға артып, 758 млрд теңгені құрады. Сауран ауданында 30 гектар аумақта шағын өнеркәсіптік аймақ жобасы іске асырылып жатыр. Алдағы 3 жылда 42 өндірістік ғимарат салу көзделіп отыр. Әкім айналасы 10 айда 39 инвест жоба іске қосылғанын жеткізді.Әрі жыл соңына дейін 3 мыңнан астам отбасы өз баспанасына қол жеткізеді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 49 жаңа нысан салу жоспарланып отыр. Облыста алдағы үш жылда 100-ге жуық мектеп тұрғызылмақ.


Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу