Олимпиадаға дайындық күшейтіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олимпиадаға дайындық күшейтіледі

29.11.2023

Қазақстан спортшылары Париж Олимпидасына 17 лицензия жеңіп алған. Жолдама сегіз спорт түріне тиесілі. Бұл бұрынғы лицензия санымен салыстырғанда өте аз. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықбаев спорттық бәсекенің нәтижесіне алаңадап отыр. 

Жанкүйерлер әдеттегідей алтынды бокстан күтеді. Бірақ әзірге 2 жолдама ғана бар. Министр мұны өте нашар көрсеткіш деді. Ал спортты дамыту дирекциясының өкілі Олимпиадаға дейін тағы 90 лицензия жеңіп алу міндеті тұрғанын айтады. Токиодағы сәтсіздік Парижде қайталанбауы үшін министр дайындықты күшейтуді тапсырды.

Жиында допинг дауы да сөз болды. Биылғы 11 айда спортшылар 52 рет допингке қарсы ереже бұзған. Көпшілігі – ауыр атлеттер. Ермек Маржықпаев допингке қарсы күресте бас жаттықтырушыдан бастап барлық сала маманы, спортшылар бейжай қарамауы керек, деді. Ал Париждегі Олимпиадада өткен кемшілікті қайталамау үшін арнайы штаб құрылады.

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:

Азиада кезінде спортшылардан көп шағым болды. Байдаркашылар қайықтарын алып бара алмай, мәселе туындады. Сондықтан әзірлікті қазірден бастаңыздар. Жарыстарға билеттерді сатып алу, баспасөз орталығын ұйымдастыру мен Шенген визаларын ресімдеуде проблема туындамауы керек.

Сондай-ақ спорттық медицина заманауи талаптарға сай еместігі де айтылды. Тіпті, елдің 12 өңірінде дәрігерлік дене шынықтыру диспансері жоқ. Бұдан бөлек, спорттың іргетасы – резерв жайы да ақсап тұр. Министр бұл мәселелер жақын арада шешімін табатынын айтты.


Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу