БҰҰ-да ядролық қаруға тыйым салу мәселесі талқыланып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҰҰ-да ядролық қаруға тыйым салу мәселесі талқыланып жатыр

28.11.2023

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында Ядролық қаруға тыйым салу бойынша шартқа қатысушы елдердің екінші конференциясы басталды. БҰҰ-ның бас ғимаратында өтіп жатқан халықаралық шараға Премьер-Министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қатысып баяндама жасады.

Жиын аясында Мұрат Нұртілеу БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришпен кездесі. Бас хатшы Қазақстанның әлемдегі, әсіресе қазіргі геосаяси жағдайдағы маңызды рөлі мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиімді дипломатиясын жоғары бағалады. Әрі еліміздің ядролық қарусыздану саласындағы көшбасшылығы мен бастамаларын атап өтіп, жаһандық ұйымның бітімгершілік миссияларына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Сыртқы істер министрі сондай ақ, БҰҰ Бас хатшының Қарусыздану мәселелері жөніндегі орынбасары Изуми Накамицумен де кездесіп, жаппай қырып-жою қаруын таратпау режимін нығайту және ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі бастамаларды талқылады. Оның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру жөніндегі бастамасын іске асыру жайына тоқталды. Ал, Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық науқанның (ICAN) атқарушы директоры Мелиса Парк Қазақстанның ядролық қаруға тиым салу бойынша шартқа қатысушы елдердің үшінші конференциясына төрағалық етуін қолдап, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Айта кетейік, конференция әлі үш күн бойы жалғасады.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу