Екібастұздағы жылу желілерінің 91 пайызы тозған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұздағы жылу желілерінің 91 пайызы тозған

27.11.2023

Осыдан тура 1 жыл бұрын Екібастұз қаласы мұзға оранды. Себеп – жылу жүйесінде болған апат. Салдарынан қазандықтар тоқтап, 44 мың адам суық пәтерде қалды. Төтенше жағдай жарияланды. Алайда көктем келгенше жұрт жаурап шықты. Содан бері не өзгерді? Жаз бойы жүргізілген жөндеу жұмыстары қандай нәтиже берді? Аймақтағы меншікті тілшіміз осы сұрақтарға жауап іздеп көрген болатын.

Бұл апаттан кейінгі келесі күні түсірілген бейнекөріністер. Аяздағы қысымға шыдамай құбырлар үсті-үстіне жарылды, қазандықтар істен шықты. Тұрғындар қақаған қыста жылусыз қалды. Қиындықты ел болып көтерді. Мемлекет басшысы жағдайды жеке бақылауына алды. Осыдан кейін барып қаланың жылу маусымына дайын еместігі белгілі болды. Қазандықтар ғана емес, орталық магистраль, ішкі жылу желілері түгел шіріп кеткені анықталды.

Ержан Темірханов, жылу энергетика саласының сарапшысы:

Құрылтайшы тек өзінің қалтасын ойлаған, шынын айтқанда. Инвестиция тек қағаз жүзінде болып жатқан нәрсе ғой. Жылда 20 пайыз жаңартып отырса, ауыстырып отырса, неше жылдар кетті, жөндейтін уақыты келді ғой. Жаңадан ЖЭО керек емес. Бар нәрсені іске қосып, түзу қаржы бөліп отырса жылдағысына жылда, болар еді.
Көктем келісімен басталған жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. 10 қазандықтың 8-і жөнделді. 340 шақырым құбырдың 70 шақырымы жаңартылды. Бірақ жағдай жақсарды деуге ертерек. Әлі де тозып тұрған жылу желілері бар.

Асайын Байханов, облыс әкімі:

Екібастұзда 92 пайыз болған еді. Желілерді жаңартқаннан кейін 91 пайызға түстік. Бірақ ол кішкентай ғана мөлшердегі өзгерістер. Сондықтан кешенді жұмыс әрі қарай жалғастырылады.
Апат кезінде жылу батареялары жарылып, 200-ден аса пәтер зақымданды. Үкімет шешімімен жөндеу жұмыстары монополист компанияның мойнына жүктелді.

Анатолий Моисей, «ЕкібастұзЖылуЭнерго» ЖШС бас директоры:

Бұған дейін 174 пәтерді жөндедік. Тағы 21 пәтерді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. 174 пәтерге 336 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. 21 пәтердің материалына қосымша 15 млн теңгеге жуық қаржы бөлдік.
Бүгінгі күнге дейін жөндеу жұмыстарына 22 млрд теңге жұмсалған. Оның 17 млрд-ы қазандықтарға, 5 млрд-ы жылу желілерін ауыстыруға жаратылды. Қаржының 50 пайызы монополист компания есебінен, 50 пайызы бюджеттен бөлінді. Сапасын алдағы қыс көрсетеді. Аймаққа әзірге аязды күндер келе қойған жоқ. Ал өткен аптада апатқа тікелей жауапты монополист компанияға қатысты үш кәсіпорынның басшысына сот үкімі шықты. Олардың 2,5 жыл мерзімге ерікті түрде жүріп тұруларына шектеу қойылды.


Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу