Петропавлдағы жылу желілерінің 70 пайызы тозған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлдағы жылу желілерінің 70 пайызы тозған

07.12.2022

Иә, күн суытқалы жылу мәселесі көптеген өңірде өзекті болып отыр. Петропавл жылу орталығының мамандары қыстың қақаған аязына қарамастан жылу құбырларын ауыстырып жатыр. Себебі қаладағы 270 шақырым желінің 70 пайыздан астамы тозған. Мамандардың айтуынша ескірген құбырлар кез келген уақытта жарылып кетуі мүмкін. Сондықтан, жекелеген учаскелерде жұмыс басталып кетті.

Мына құбырдың қашан тесілгені белгісіз. Мамандар жылу магистралінің бойындағы ақауды арнайы қондырғылардың көмегімен осылай ағып жатқан судың дыбысы арқылы ғана анықтайды.

Облыс орталығында кезек күттірмейтін, қауіпті деген учаскелер өте көп. Экібастұздағы жағдай қайталанбас үшін жанталасқан коммуналдық мекеме мамандары қыс бойы жөндеу жұмыстарын жалғастыра бермек.

Алексей Хоменко, «Петропавл жылу желілері» ЖШС өкілі:
Жерасты суының деңгейі жоғары. Сондықтар құбыр тез шіриді. Ол жарылып кетсе, ыстық су атқылап, маңайдағы үйлерді басып қалады. Апаттың алдын-алу үшін желіні тексеріп, ақау бар жерлерді анықтап жатырмыз.

Құбырларды ауыстыруға 2 бригада мен бірнеше арнайы көлік жұмылдырылған. 10 метр құбыр ауыстырылуы тиіс. Тұрғын үйлерге жылу беру тоқтатылған жоқ. Тек қысым азайтылды.

Елена Сопрыгина, қала тұрғыны:
Мына жол жақында ғана төселген болатын. Енді асфальтты қазып, құбырды ауыстырып жатыр. Керісінше жасауға болмас па еді? Бұл құбырлар шамамен 5 жыл бұрын ғана жөнделген еді. Үнемі жолды бүлдіріп кетеді.

Биыл көктемде болған апатты қала тұрғындары ұмыта қойған жоқ. Жылу орталығындағы алып мұржа опырылып, бір жұмысшы қаза тапқан болатын. Ал, мыңдаған тұрғын бірнеше күн бойы суық пәтерде тоңып отырды. Жылу орталығының салынғанына 60 жылдан асты. Содан бері құбырлар да күрделі жөндеу көрмеген.

Э.Кәленова

Хабарламаларға жазылу