Солтүстік Қазақстандағы ауылдар апта бойы жарықсыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстандағы ауылдар апта бойы жарықсыз отыр

24.11.2023

Солтүстік Қазақстан облысында 6 ауыл 6 күннен бері жарықсыз отыр. Өткен сенбіде боран болып, қатты желден электр сымдары үзіліп, бағандар құлаған еді. Салдарынан 183 елді мекен жарықсыз қалды. Желілер біртіндеп қалыпқа келтіруде. Алайда мәселе толық шешімін таппай отыр. Әріптесім Эльмира Кәленова Есіл ауданындағы Қаратал ауылына барып, өркениеттен қол үзген тұрғындардың жағдайын біліп қайтты.

Гүлзайра апай қажеті болмай қалған затты лақтырып тастамағанына қуанады. Тұрғындар қазір осындай шаммен ғана жан сақтап отыр. Елді мекенде 20 шаңырақ бар.

Эльмира Кәленова, тілші:

Қаратал ауылында 6 күннен бері су да жоқ. Өйткені құдықтардың барлығы электр қуатымен жұмыс істейді. Тұрғындар техникалық суды тұтынуға мәжбүр.

Болат Ахметов, ауыл тұрғыны:

Бір құдық бар ауылда. Осы құдықтан алып жатырмыз. Үйден шыға алмайтын кісілер бар. Кәрі кісілер бар. Олар суды қалай алады. Ол да таза емес. Шәйнектің іші мынадай құм қалады.

Қаратал болашағы бұлыңғыр елді мекендер санатында. Ауылда ұялы байланыс пен интернет жоқ. Электр жарығынсыз күн көру тіпті қиындады дейді тұрғындар.

Самал Мырзахметова, ауыл тұрғыны:

Жуынатын  су жоқ, жарық жоқ. Шәйнекпен жуынып жатырмыз. Автомат машинка, оған да электр жоқ. Кір жуа алмай жатырмыз. Мына жақта жуынатын жер де жарық болмағасын тоқтап тұр.

Кей аудандарға электр қуаты Ресей мен көршілес Ақмола облысынан тасымалдануда. Мамандар жарықты қосуға құбылмалы ауа райы кедергі келтіріп жатқанын айтады.

Владислав Лукин, СҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Жауапты мекемелерге әлеуметтік нысандардың қатып қалмауын қадағалауға тапсырма берілді. Мағжан Жұмабаев ауданы тұтастай жарықтан ажыратылған. Кейбір елді мекендерге Ресей мен Ақмола облысынан электр қуаты тасымалдануда. Алдағы демалыс күндері жағдай реттеледі деп ойлаймын.

Өңірдегі электр сымдарының 95 пайызы ескірген. Тозған желі желге шыдас бермей қайта-қайта үзіліп жатыр. Жауапты мамандар жағдайдаң тағы қайталануы мүмкін екенін жоққа шығармады.

Хабарламаларға жазылу