Қостанайда қарлы бораннан ауылдар жарықсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда қарлы бораннан ауылдар жарықсыз қалды

08.04.2020

Қостанайлықтар кешегі дүлей дауылдың дүрбелеңінен әлі арыла алмай отыр. Көптеген ауылдарда жарық жоқ. Тіпті облыс орталығының өзін электр қуатымен, ауыз сумен қамтуды толық қалпына келтіру мүмкін болмай тұр.

Қала көшелерінде мынадай түбірімен қопарылған немесе ортасынан қақ бөлініп сынған ағаштарды жиі кездестіруге болады. Бұл кешегі желдің қаншалық күшті болғанын көрсетеді. Осындай ағаштар кей жерлерде көліктердің үстіне құлап зақымдаған. Әйтеуір адамдардың зардап шеккені туралы мәлімет жоқ.

Күшті жел электр желілерін де шіріген жіпше үзген. Тіпті сым тартылған темір бағандарды да сұлатыпты. Электр қуаты өшкесін су сорғылары да тоқтаған. Облыс орталығында 21 жарнамалық билборд және 48 бағдаршамға зақым келген.

Ал облыс бойынша қанша нысан зақымданғаны, қанша шығын келгені беймәлім. Аймақ басшылары бұл туралы ресми ақпарат бере алмады.

Дәуренбек ӘБДІБЕК


Хабарламаларға жазылу