Павлодар облысында ауыл тұрғындары жарықсыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында ауыл тұрғындары жарықсыз отыр

21.11.2023

Өткен демалыс күндері соққан қатты желдің зардаптары, әлі толығымен жойылған жоқ. Павлодар облысының 10 елдімекенінде жарықтың өшкеніне төртінші күн. Себебі кейбір аумақтарда жоғары кернеулі электр бағандары құлаған. Оларға кешенді технологиямен қамтылған жөндеу бригадалары жіберілді. Табиғаттың тосын мінезіне дайын болмағаны үшін аймақтың Энергетика, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылығы басқармаларының басшылары жұмыстан қуылды. Өңір басшысы Асайын Байханов оны табиғи апат кезінде өзіне міндеттелген тапсырмаларды атқарудағы салғырттығы үшін айыптады. Тоғыз ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, апаттан болған шығын көлемі әлі есептеліп жатыр.

Сол сияқты Солтүстік Қазақстан облысында да 60-қа жуық елдімекен жарықсыз отыр. Өңірде өткен сенбіде жаңбыр жауып, соңы боранға ұласты. Салдарынан электр сымдары мен бағандарға мұз қатып, сымдар үзілген. Желілеріндегі ақауды жою жұмыстары әлі жалғасуда. Кей аудандарға электр энергиясы көрші Ақмола облысынан, енді біріне Ресейден тасымалдануда.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу