Түркияда теңізге батып кеткен кемеден бір адамның денесі шығарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда теңізге батып кеткен кемеден бір адамның денесі шығарылды

20.11.2023

Түркиядан бір суыт хабар келді. Елдің оңтүстігіндегі Зонгулдак қаласы маңында бір жүк кемесі суға кетіп, бір адам қайтыс болған. Кемедегі қалған 11 адам іздестіріліп жатыр. Ауа райының қолайсыздығы іздестіру жұмыстарына кедергі болып тұр. 

Айдос Әшімұлы, тілші:

Түркияның Зонгулдак қаласы маңындағы Еригли ауданында Қара теңізге батып кеткен жүк кемесінен жаңа ғана бір адамның денесі шығарылды. Бұл ақпаратты елдің Ішкі істер министрі Әли Иерликая хабарлады. Таңертеңгі уақытта жағалаумен байланысы үзілген «Кафкаметлер» кемесінде барлығы 12 адам болған. 11 теңізшінің өлі-тірі екені әлі белгісіз, денелері табылған жоқ. Қазір оқиға орнында жүздеген құтқарушы, бір ұшақ, бір тікұшақ және екі құтқару кемесі жұмыс істеп жатыр. Кеме батқан жерге барған елдің ішкі істер министрі соңғы мәліметтермен бөлісті.

 Әли Иерликая, Түркияның ішкі істер министрі:

Зонгулдактан Измирге жүк апару үшін жолға шыққан кемеден құтқару дабылы таңертең сағат ондарда алынды. Алайда қатты дауылдан теңізде биік толқындар көтеріліп кемеге жақын бару мүмкін болмады. Порттың маңайындағы бетон тірекке соғылған кеме санаулы минуттар ішінде суға кетті. Кемедегі 12 адам да Түркия азаматы. Іздеу жұмыстарына барлық құтқару қызметтері жұмылдырылды.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Екі күннен бері Түркияда ауа райы қолайсыз болып тұр. Елдің барлық өңірінде қатты жаңбыр мен дауыл толастар емес. Жаңа ғана дәл сол кеме батқан Зонгулдак қаласы маңында камерундық бір жүк кемесі де қайраңға шығып қалып, екіге бөлінгені белгілі болды. Абырой болғанда, 13 адамнан жасақталған экипаж мүшесі мен теңізшілерді құтқарушылар аман есен жағаға алып шықты.


Хабарламаларға жазылу