Израиль-Хамас қақтығысы әлі басылмады, ал АҚШ-та Джо Байден мен Си Цзиньпин кездесті. Сондай-ақ, жасанды интеллектінің сайлауға әсері туралы айтамыз.
Таяу Шығыстағы конфликтіні реттеу қиынға соғып тұр. Соғыс аймағында қалған Қазақстан азаматтары үшін еліміз ерекше алаңдаулы еді. Мәселе оңынан шешіліп, осы аптада отандастарымыз Газа секторынан көшіріліп жатыр. Эвакуация кезең-кезеңімен жүргізіледі. Қазақстан Үкіметі оларды Мысырдан елге арнайы эвакуациялық ұшақпен жеткізбек.
Ал Израиль осы аптада Газадағы әскери операциясын үдете түсті. Қаза болғандар мен жараланған тұрғындар саны үздіксіз өсіп жатыр. Сәрсенбіде Израиль әскері Газа аймағындағы ең ірі госпиталь – Аль-Шифаны басып алып, онда тінту жұмыстарын жүргізді. Израиль қарулы күштерінің пайымынша, бұл ауруханада Хамастың басқару пункті орналасқан.
15 қараша күні Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі Газадағы төтенше жағдайға байланысты резолюция қабылдады. Құжатқа сәйкес, гуманитарлық көмек жеткізу және медициналық эвакуация жасау үшін Газа секторында дәліз ашылып, ұзақ мерзімді үзіліс жасалуға тиіс.
Сәрсенбі күні АҚШ президенті Джо Байден Сан-Францискодағы саммит аясындағы баспасөз конференциясында Израиль-Хамас конфликтісі аяқталғаннан кейін дербес Палестина мемлекеті құрылуы тиіс деп мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ дипломаттары Араб елдерімен бұл бағытта келіссөздер жүргізіп жатыр. Алайда нақты детальдарын ашып айтпады.
Осы аптада АҚШ Президенті Джо Байден мен Қытай Төрағасы Си Цзиньпин кездесті. Сан-Францискода өткен Азия-Тынық мұхиты елдерінің экономикалық ынтымақтастығы саммитінде екі ел басшысы екіжақты қарым-қатынас пен әлемде болып жатқан шиеленістерді талқылады.
Атап айтқанда, Байден мен Си Цзиньпин екі ел әскерилерінің тікелей хабар алмасу мүмкіндігін қалпына келтіруге келісті. Естеріңізде болса, былтыр Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің Тайваньға сапарынан кейін Қытай билігі АҚШ әскерилері мен арадағы байланысты үзген еді.
Сонымен қатар, білім, мәдениет, спорт саласындағы ынтымақтастық артып, әуе рейстер мен студент алмасу бағдарламасының саны көбеймек. Тараптар кеме қатынасы, есірткі саудасы мен күрес және жасанды интеллектті дамыту бағыттары бойынша да бірлескен жұмыс топтарын құруды қарастырады.
Екі ел арасында осындай «жылымық» орнауына ішкі және сыртқы саяси себептер әсер етіп отыр. Биыл Қытай экономикасы тұрақты өсуін тоқтатып, жастар арасындағы жұмыссыздық өршіп кетті. Сондай-ақ, Си Цзиньпин АҚШ-тың Тайвань мәселесі және аймақтық жанжалдарға араласқанын қаламайды.
Ал Байденге алдағы президент сайлауы қарсаңында Қытаймен текетіресу мүлдем тиімді емес. Оған қоса, сыртқы саясаттағы қақтығыстар өзекті болып тұр. Сондықтан АҚШ та, Қытай да болып жатқан шиеленістерді реттеп, экономикалық жобаларын жүзеге асыруға мүдделі.
Аргентинадағы президент сайлауы жасанды интеллектінің сынақ алаңына айналды. Оған себеп: президенттікке 2 үміткердің де жаңа технологияны сайлауалды бағдарламада белсенді қолдануы. Олардың командасы жасанды интеллектіні қолдану арқылы фото немесе бейнелерді жасауға немесе өңдеуге жеңіл мүмкіндік алып отыр.
Бүгін Аргентинадағы Президент сайлауының 2-ші кезеңі өтіп жатыр. Мұхиттың арғы жағындағы елдің сайлауы әлем назарында деп айта алмаймыз. Дегенмен, оған басты қызғушылық сайлауалды процестерінде жасанды интеллектінің кеңінен қолданылуы болып тұр. Мысалы, «NewYorkTimes» газетінде «Аргентинадағы бірінші жасанды интеллект сайлауыма?» деген зерттеу мақаласы шығыпты.
Мақалаға сүйенсек, екі кандидат та жаңа технологияларды түрлі мақсатта қолданып жатыр. Әсіресе, жалған ақпарат тарату, өтірікті шындай көрсететін бейнелер көптеп кездеседі. Үміткерлердің үзеңгілестері ақпараттың шын-өтірігін растаумен әлек екен.
Жалпы, былтырдан бері кеңінен қолданыла бастаған жасанды интеллектіден туатын сын-қатер туралы ғалымдар мен сарапшылар жиі айтып жүр. Әсіресе, сайлауға келгенде оның өзектілігі тіптен артады. Себебі жалған ақпарат арқылы сайлаушылардың пікірін бұрмалау мүмкіндігі бар.
Аргентинадағы биылғы сайлауда жасанды интеллектінің ашық қолданылуы алғашқы жағдай, бірақ соңғы болмауы мүмкін. Себебі сайлау басталмай-ақ, кейбір кандидаттар туралы түрлі ақпарат шығып жатыр. Мысалы, осыған дейін келер жылы АҚШ-та өтетін президент сайлауында Джо Байден жеңсе, оның салдарын көрсететін антиутопиялық бейнематериал жарияланған еді.
Жасанды интеллектіні жылдар бойы зерттеп жүрген сарапшылар бұл технологияның Аргентинадағы сайлауда қолданылуы қауіптің шетін шығарып тұр деп отыр. Мұндай қауіпке байланысты Мета компаниясы Facebook, Instagram секілді өнімдерінде саяси жарнамаларда жасанды интеллект қолданылғанын көрсету туралы талап қоятынын мәлімдеді.
Нұрбек Матжани