Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланғанына бір жылға таяп қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланғанына бір жылға таяп қалды

19.11.2023

«Балаларға арналған ұлттық қор» жобасын іске қосу туралы Мемлекет басшысы былтырғы 1 қыркүйектегі Жолдауында бастама көтерген еді. 1 жыл ішінде жобаны жүзеге асыру тетіктері пысықталып, іске қосылайын деп жатыр. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланғанына бір жылға таяп қалды. Былтыр 20 қарашада өткен сайлау нәтижесінде 81 пайыздан артық дауыс жинап, жеңіске жеткен еді. Ал алты күннен кейін ұлықтау рәсімі өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымындағы жаңа 7 жылдық өкілеті басталған.

Міне, содан бері Мемлекет басшысы шет елдерге 21 сапар жасаған екен. Алдымен Мәскеуге ресми сапармен барады. Жалпы Президент мінген борт осы бір жылда Ресейге тағы 4 рет аялдапты. Екінші барғаны – Франция астанасы. Онда екі күндік ресми сапармен болып қайтты. Сосын Бішкекке Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысу үшін барады. Одан кейін де Қырғызстанға 2 рет жолы түседі. Соның бірінде Шолпан-Ата қаласында ЕуроОдақ президенті Шарль Мишельмен жеке келіссөз өткізеді, әрі ОА+ЕО саммитіне қатысады. Ал Өзбекстанға мемлекеттік сапармен бір барады. Сосын Біріккен Араб Әмірліктеріне 3 күндік сапар жасайды, оның екі күнін Абу Дабидегі кездесулерге арнаса, тағы бір күнінде Дубайда келіссөздер жүргізеді. Бұдан соң көктемде Түркия астанасына Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитіне қатысуға барды. Жазда тағы да Анкараға барып қайтты. Ердоғанды ұлықтау рәсіміне қатысу үшін. Жылдың бірінші жартысында Қытайдың Сиань қаласына мемлекеттік сапармен барып, бірінші күні жоғары деңгейде келіссөздер өткізіп, екіншісінде – «Орталық Азия+Қытай» саммитіне қатысқаны есте. Нөмірі бірінші борт Қытайға осы күзде тағы бағыт алған еді. Екі күнге созылған ресми сапар кезінде кездесулер мен «Бір белдеу, бір жол» форумына қатысқан. Бейжіңнен елге қайтар жолда Үрімжі қаласына соққанын да айта кету керек.

Тағы бір бағыт – Сауд Арабиясы болған. Мемлекет басшысы бұл елге жазда үш күндік жұмыс сапарымен барып, бірінші күні Медина қаласында Мұхаммед Пайғамдардың бейтіне зиярат етеді, қалған күндері Жиддада екіжақты келіссөздер өткізіп, ОА+Шығанақтағы Араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің саммитінде сөз сөйлейді. Жаздың соңына қарай Вьетнам астанасына ақыры жолы түседі. Себебі Президент бұл елге жаз басында баруы керек еді, бірақ Абай облысындағы алапат өртке байланысты сапарын кейінге шегергенін білесіздер. Ал күзде жаңа саяси маусым басталғанда алдымен Тәжікстан астанасына барды. Онда Орталық Азия елдері басшылары екі күнде екі түрлі саммит өткізген еді. Іле-шала Нью-Йоркке сапар басталады. Ондағы 4 күн ішінде Мемлекет басшысы 18 кездесу өткізіп үлгерген. БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы мен С5+1 форматындағы саммитіне де осы сапар аясында қатысады. Бұдан соң Президенттің ұшағы Германияға барды. Мұнда да ресми кездесулерден бөлек, ОА+Германия саммиті өткені белгілі.

Осы сапарлардың бағытынан-ақ еліміздің сыртқы саясатта ұстанған көпвекторлы дипломатиясының көрінісін байқауға болады. Мемлекет басшысы көрші орналасқан державаларға да, Құрама штаттар мен ЕуроОдақтың бас ойыншыларына да, Түркі дүниесіне және Мұсылман әлеміне де теңдей көңіл бөліп отырған. Америкалық Foreign Policy журналының шолушысы Линн О`Доннел «Қазақстан Президенті нейтарлитетті өнер деңгейіне жеткізді» деп сипаттайтыны да сондықтан.

Бірақ бұл қарым-қатынастарға біздің тарап қана мүдделі емес, әрине. Президент барған елдердің басшылары тиісінше Қазақстанға да келіп жатты. Жыл ішінде АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан (екі рет), Сингапур президенттері, Қатар әмірі, Германия, Албания, Франция, Мажарстан, Түркия және Ресей басшылары келіп-кеткен еді. Олар үшін Қазақстанның да, тұтас Орталық Азия аймағының да маңызы артқан. Геоэкономикалық саясаттағы құбылыстарға байланысты.

Ал ішкі саясатта бір жылда не өзгерді? Президент сайлауалды бағдарламасында уәде еткен мақсат-міндеттің орындалу барысы қандай? Кейбіріне келесі материалда тоқталамыз.

«Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым». Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы осылай аталды.

Президент онда алдымен саяси модернизацияға тоқталған. Ал ол үшін Мәжіліс пен Мәслихат депутаттарын конституциялық реформаға сай жаңа жүйе бойынша сайлау қажеттігін міндеттеді. Саяси науқан биыл наурыздың 19-ы өтті. Сайлауға қатысқан 7 партияның алтауы Мәжіліске мандат алды.

Бұл бағыттағы тағы бір міндет – аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімін тікелей сайлау. Ол осы айдың бесінде өтті. 45 жаңа әкімді халық өзі таңдады.

Мемлекеттік аппарат халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмыс істеуі керек делінген келесі бір тармақта. Ол үшін мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін арттыру тапсырылған. Бір жылда жауапты орган Мемлекеттік қызмет туралы заң мен оған тәуелді актілерді өзгертіп үлгерді.

Азамат Жолманов, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:

ЖОО бітірген түлектер аудандық және ауылдық деңгейде конкурссыз орналаса алады. Осындай нормамен қазір 87 адам кірді. Екіншіден, осы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген түлектер аудандық, облыстық деңгейге конкурссыз орналаса алады. Осындай нормамен 9 адам кірді. Үшіншіден, жеке секторлардан мемлекеттік органдарға түрлі басшылық лауазымдарға 287 адам тағайындалды.

Сосын мемлекеттік жобаларды жүзеге асыру үшін кәсіби мамандарды келісімшарт бойынша жұмысқа тарту ісі қолға алынды. Ал 2,5 мыңға жуық қызметкердің лауазымы меритократия қағидатына сай өсірілді. Мемлекеттік қызметті бюрократиядан арылту да тоқтамайтын үдеріс.

Салауат Мүксімов, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:

Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша ұсыныс енгізілді. Оның 91-і жалпы мемлекеттік аппараттың барлық қызметіне тиесілі. Қалғандары – салалық. Басты назарда бұл мемлекеттік аппарат пен азаматтардың өзара байланысында әкімшілік кедергілерді, негізсіз қойылатын құжаттарды, негізсіз мерзімдерді, барлығын жоюға арналған.

Экономикалық блок та ауқымды. Оның ішінде кәсіпкерлікті дамыту міндеті бар. Шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндердің санын кемінде 4,7 млн адамға жеткізу межесі қойылған. Бір жылда бұл көрсеткіш 24 пайыз өсіпті. Қазір секторда жұмыспен қамтылғандардың саны – 4,2 млн адам.

Диас Әжiман, ҚР ҰЭМ кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаментінiң басқарма басшысы:

Ревизияның арқасында бізде бизнеске қатысты 10 мыңнан аса өзекті емес талаптар анықталды. Оның 9 мыңы заңға тәуелді жобалар арқылы алынып тасталды, ал қалған 1 мыңы Мәжілістегі заң жобасы шеңберінде алынып тасталады.

Әлемдегі геосаяси өзгерістерелдің транзиттік әлеуетін арттырғаны белгілі. Тұғырнамада Транкаспий бағдарын жаһандық жүк тасымалындағы негізгі байланыстырушы торапқа айналдыру мақсаты қойылған. Дәліздің жүк өткізу әлеуеті алда 5 есе ұлғайтылмақ.

Жайнар Әсілбекова, ҚР көлік министрлігі департаментінің бас сарапшысы:

Ағымдағы жылдың 10 айында 2,25 млн тонна жүк тасымалданып, екі есе өсті. Өткен жылғы көрсеткіш 1,01 млн тонна болды. Орта дәліздің әлеуеті жылына 6 млн тонна жүк тасымалдауға қабілеті бар. 2027 жылға дейін оны 10 млн тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз.

Ол үшін Қазақстан үкіметі мен Әзербайжан, Грузия және Түркияның министрлер кабинеті Жол картасын бекіткен. Ол дәліз бойындағы процестерді цифрландырып, әкімшілік кедергілерді жоюды көздейді. Инфрақұрылымды күшейту де – бір міндет.

Жайнар Әсілбекова, ҚР көлік министрлігі департаментінің бас сарапшысы:

Ақтау портының базасында 2025 жылға дейін контейнерлік хаб құру көзделуде. Бұл контейнерлік хаб құру нәтижесінде Ақтау портынан жылына 300 мыңға жуық контейнерді жүкті тиеу мүмкіндігі ашылады.

Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жетілдіру тапсырылды. 7 жыл ішінде 111 млн шаршы метр үй салынатыны жарияланды. Оның 15 млн-нан астам шаршы метрі биыл салынып, қолданысқа берілмек. Демек 143 мың азамат баспаналы болады. Ал 2030 жылға дейін 40 мыңға жуық отбасы тозығы жеткен үйден жаңасына көшіріледі.

Әзімбек Пазылбекұлы, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігініңкомитет төрағасының м.а:

Биылғы жылдың жоспары бойынша 120-дан астам проблемалы, апаттық болмаса көнерген үйлерді бұзып, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жыл сайын 230-ға жуық осындай тұрғын үй кешендері бұзылып, қайта салынып, 40 мың отбасын жаңа баспанамен қамту межесі тұр.

Үлескерлердің ақшасына салына бастап, орта жолда тоқтап қалған тұрғын үйлердің құрылысын аяқтау – алдағы екі жылдың еншісінде. Қазір ел бойынша осындай 44 нысан бар. Оның 16-сы – Астанада.

Тағы бір ауқымды бөлім әлеуметтік салаға арналған. Білім, медицина, мәдениет пен жастар саясаты сияқты әр тармақ бойынша жүктелген міндет көп. Бір ғана халықты әлеуметтік қорғауға қатысты тарауда 15 түрлі тапсырма бар. Соның бірнешеуі биылғы көктемде Әлеуметтік кодекс қабылданғанда іске асырыла бастады.

Сырым Наси, ҚР ЕХӘҚМ әлеуметтік қызметтер департаментінің директоры:

Мүгедектігі бар адамдарға төленетін жәрдемақы, олардың қамқоршыларына төленетін жәрдемақы 23 пайыз көбейді. Екіншіден, арнаулы әлеуметтік қызметтерді модернизациялау басталды. Биылғы 1-шілдеден бастап еліміздің 6 өңірінде сыйымдылығы аз мүгедектігі бар балаларға арналған үйлер ашылды. Бүгінде бұл үйлерде 80-нен астам бала қызмет алып жатыр.

Ал бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарды бағып отырған туыстарынажеке көмекшісі ретінде жәрдемақы төлене бастады. Әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарнасы да мемлекет атынан аударылады.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу