«Көшпенділер» кино жобасы үшін бюджет қаржысына салынған жасанды «Түркістан» бекінісі нарықтағы құнынан 44 есе арзан бағаға сатылып кеткен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильмнің» бұрынғы президентіне қатысты қылмыстық әрекетті әшкереледі. Алматы облысындағы Іле өзенінің бойына тұрғызылған нысан жекенің меншігіне өтіп кеткен. Оған сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының да қатысы болуы мүмкін. Істің анық-қанығы тергеп-тексеруден соң белгілі болады. Қазір осы жер учаскесі мен активті мемлекетке қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Мердігер мекеме директорынан үй түрінде пара алған. Жақында ғана ұсталған Астанадағы отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы, өзінің жымысқы әрекетін осылай жүзеге асырған деп күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, қамауда отырған басшы кәріз тазарту құрылысы кезінде заңсыз әрекетке барған деп отыр.
Жандос Темірғали