Алматыда есірткіге тәуелді жасөспірімдер көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда есірткіге тәуелді жасөспірімдер көбейген

09.11.2023

Алматыда есірткіге тәуелді жасөспірімдер көбейіп келеді. Тек осы жыл басынан бері мегаполисте наркологиялық дертке шалдыққан 1000-нан астам адам есепке алынған. Олардың арасында кәмелетке толмаған балалар да бар.

Ресми статистикаға сүйенсек Қазақстанда 18 мыңнан астам есірткіге тәуелді адам бар. Олардың басым бөлігі Алматыда есепте тұр. Жыл басынан мегаполисте наркологиялық дертке шалдыққан 1200-ге жуық адам бақылауға алынған. Олардың арасында кәмелетке толмаған балалар бар.

Сапар Рахменшеев, Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры:

Қазір Алматы қаласы бойынша біздің орталықта 16 жасөспірім диспансерлік бақылауда тұр. Өткен жылмен салыстырсақ, өткен жылы 13 бала болатын болса, биыл 16 бала. Қазіргі жағдайда жастар трамадолды қолданады, сонымен қатар кеңінен тараған синтетикалық есірткілерді қолданады.

Мамандардың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы есірткіге әуестік трамадол сынды қолжетімді препараттардан басталады. Мұндай дәрі түрлері дәріханаларда арнайы рецеп бойынша сатылу тиіс. Алайда, бұған көз жұма қарайтындар көп. Өкінішке қарай кәмелетке толмаған балалардың нашақорлыққа әуестегенгенін ерте анықтау қиын, өйткені ата-аналардың басым көпшілігі мектептерде психобелсенді заттарды қолдану бойынша тексеріс пен зерттеулер жүргізуге қарсы болады екен. Тіпті, өз перзенттерін есірткіге тәуелді етіп қоятындары да кездесіп жатады.

Нұржан Жақыпов, Қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:

10 жастағы баласын туған анасы синтетикалық есірткіге әуес қылған. Екеуі бірге психобелсенді заттарды қабылдап, ақыр аяғы тәуелді болып қалған. Бұрындары мұндайды естіп көрмеп едік. Жағамызды ұстадық. Өкінішке қарай, Алматыда наркологиялық дертке шалдыққан балаларды емдейтін клиника жоқ. Диспансер 14 жас толған балаларды ғана қабылдайды. Олардың өзі ерсектермен бірге ем қабылдайды.

Ювеналды полиция мектеп, колледждерді аралап есірткіге қарсы үгіт-насихат жұмысын жүргізеді. Алайда, аталған шаларлар айтарлықтай нәтиже беріп жатқан жоқ. Осы ретте, олар ең алдымен ана-ана тарапынан бақылауды күшейту керек дейді.

Жанна Шонжанова, Алматы қалалық ПД ювеналды полиция бөлімінің бастығы:

Өз баласының өміріне қасақана қауіп төндіру, тәрби жөнінде міндетін дұрыс атқармай онымен қатар балаға қатыгездік көрсетіп, өміріне қауіп төндірген жағдайда ҚК 140-бабы бар. Қылмыстық жауапкершілікке тартылады, соған қоса ата-ана құқығынан айыру не болмаса құқығын шектеу бойынша шаралар қолданылады.

Есірткіге қарсы күресу үшін қалалық қоғамдық кеңес мүшелері арнайы жоба әзірлеп жатыр. Ал, полицейлер күштік модельден сервистік жұмыс ітсеу модельіне көшпекші. Яғни, мәселені шешу үшін қоғаммен тығыз байланыс орнатады. Сондай-ақ, наркологиялық дертке шалдыққандарға көмек беретін 1000-нан астам еріктіден құралған арнайы топ та жұмыс істеп жатыр. Олар биыл есірткіге тәуелді 15 адамды клиникаларға жатқызған.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу