Министрлік бекіткен 180 спорт түрін шұғыл қысқарту қажет - Нартай Сәрсенғалиев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Министрлік бекіткен 180 спорт түрін шұғыл қысқарту қажет - Нартай Сәрсенғалиев

08.11.2023

Спортқа жауапты министрлік 180-нен астам спорт түрін ресми тіркеп, оған бюджеттен қыруар ақша бөліп отыр. Соның тек 50-ге жуығы ғана жазғы Олимпиада ойындарының тізіміне енген. Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев палата отырысында Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, саладағы кемшіліктерді жіпке тізді. Айтуынша, елімізде жоғары жетістіктер спортына жыл сайын бюджеттен 775 миллион доллар бөлінеді. Бірақ нәтиже жоқ.

Бұдан бөлек, легионерлерге бюджеттің есебінен айлық төлеуді тоқтатуды ұсынды. Шетелдік спортшыларды елдің бюджеті емес, спорттық клубтар асырауы керек деді. Халық қалаулысы спорт саласына «мониторинг» деген түсінік енгізу керегін де тілге тиек етті. Өйткені құзырлы ведомства аймақтағы жағдайлардан бейхабар, тексеріп те бара алмайды. Аталған ұсыныстарды неғұрлым тез жүзеге асыру қажет деді. Себебі алда Париж Олимпиадасы келе жатыр.

Нартай Сәрсенғалиев,ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Аmanat» фракциясының мүшесі:

Министрлік бекіткен 180 спорт түрін шұғыл қысқарту қажет. Мемлекет басымдық беретін бағыттарда олимпиадалық, ұлттық, одан кейін, пара және сурдолимпиадалық спорттар қалуы тиіс. Салыстырып айтайын, Ұлыбритания Олимпиада бағдарламасына кіретін тек 15 спорт түріне бюджеттен қаржы бөледі, Германия 18 спорт түріне қазынадан ақша береді, ал көршіміз Өзбекстан тек 17 спорт түріне бюджеттің қаржысын жұмсайды. Сонда біздікі не шашпалық?

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу