Ұлыбританияда еліміздің туристік әлеуеті таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда еліміздің туристік әлеуеті таныстырылды

07.11.2023

Алматы Дүниежүзілік туризм жәрмеңкесіне биыл бесінші рет қатысып жатыр. Қалалық туризм басқармасы және туристік операторлар шетелдік әріптестерімен іскерлік кездесулер өткізуде. 3 күн бойы жүзден астам келісім-шартқа қол қойып, тау, іскерлік және этнотуризм бағыттары бойынша насихат жұмыстарын жүргізбек.

Ақмарал Есжанова, Алматы қаласы туризм басқармасының басшысы:

Алматы мәдени туристік орталық болып саналады. Бізде айта кетсек: Шымбұлақ, Медеу, Көктөбе сияқты көрікті жерлеріміз бар. Статистикаға сүйенетін болсақ, биыл 17 мыңнан астам турист келген. 2022-ші жылмен салыстырғанда 65 пайызға көп болып тұр.

Бұл тек Алматы бойынша ғана көрсеткіш. Ал бүкіл ел көлемінде соңғы жарты жылда 3,5 млн шетелдік саяхатшы Қазақстанға табан тіреген. Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін созылған кең байтақ қазақ даласын көргісі келетін туристер көп. Әсіресе британ жұртшылығы арасында.

Николас Корней, туристік компания директоры:

Өткен жылы бізге Қазақстанға бару бақыты бұйырды. Ақтау және Алматының әсем табиғатын тамашаладық. Тәнті болғанымыз соншалық алдағы уақытта британ халқын көптеп тартқымыз келеді.

42 жылдық тарихы бар Дүниежүзілік туризм жәрмеңкесі 184 елден келген 35 мыңнан астам сала маманының басын қосты. Биылғы шара «Қайта қауышу, қайта ойлау және қайта құру» тақырыбында өтіп жатыр. Соңғы жылдары саланың дамуына тұсау болған түйіткілдерге назар аударып, болашаққа бағдар жасауға зор мүмкіндік беруде.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу