Түркияда оқитын қазақ студенттеріне ұлтымыздың ұлы тұлғалары атындағы шәкіртақы табысталды. Абай, Әлихан Бөкейханов, Дінмұхаммед Қонаев сияқты біртуар тұлғалардың атындағы шәкіртақылар Түркияның түрлі университеттерінде техникалық мамандықта оқитын 5 студентке берілді. Бұл оң шараны ұйымдастырып, шәкірттерге қамқорлық жасап отырған Ыстамбұлдағы «Қазақ мәдениет және сауда орталығы». Арнайы комиссияның шешімімен қаржылай қолдау тек үздік оқитын студенттерге беріледі. Орталық жыл сайын стипендия берілетін студенттер санын арттырып отырмақ. Игі шараға орай жиналған жастар ән мен жырдан шашу шашып, би билеп, өнерлерін ортаға салды. Ресми мәліметке сай, бүгінгі таңда Түркияда 9000 -дай қазақстандық студент білім алып жүр.
Жібек Нағымет, Ыстамбұл университетінің докторанты:
«Мәдениет және сауда орталығыны» ұйымдастырған стипендияны жеңіп алдым. Солардың алғашқысы болғаныма өте қуаныштымын. Осындай іс шаралар ұйымдастырылып, студенттерге болашақта да стипендия тағайындалса деп тілеймін. Өйткені бұл студенттерге үлкен мотивация береді және оқуға деген құлшыныстарын арттырады.
Ержан Уәйіс, Қазақстан мәдениет және сауда орталығы басшысының орынбасары:
Біздің студенттердің ынтасын, елге сүйіспеншілігін арттырып, Отанға қызмет етуге тәрбиелейтін үлкен бір құрал. Жақында дәмханамыз ашылады. Сол жерден ай сайын 30 балаға тегін тамақ беру шешімі де қабылданды. Бұл да бір құптарлық нәрсе.
Айдос Әшімұлы