Тұрмысы мен сәулеті келіскен «Сарқырама» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрмысы мен сәулеті келіскен «Сарқырама»

04.11.2023

Түркістан облысы Төле би ауданында өркениеттің барлық игілігін сезініп, қала халқымен бірдей өмір сүріп жатқан алақандай ауыл бар. Ақсу өзенінің жағалауына қоныстанған Сарқырама мұндай жетістікке ел азаматтарының қамқорлығы арқасында жетті. Ауыл кәсіпкері туған мекенінде өз қаржысына балабақша, аурухана, спорт кешені мен мәдениет сарайын салып берді.

Нұрасыл «Сарқыраманың» ең кішкентай тұрғыны. Осыдан екі ай бұрын дүние есігін ашқан сәби отбасының базарлы тірлішігін одан әрі қыздыра түсті. Тұрановтар әулеті де ауылдағы көпбалалы шаңырықтар санатына қосылды.

Адас Тұранова, ауыл тұрғыны:

Әр отбасыда 5-7-ден бала бар. Жылма жыл келіндеріміз босанып, көбейіп жатыр. Осының барлығы еліміздің байлығы, дамығаны. Келіндеріміздің өзі «Күміс алқа» иегері болып жатыр.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тіршілігі шатқаяқтап барып, қайта еңсе тіктеген Сарықырамада бүгінде 200-ге тарта түтін бар. Жастар бұрынғыдай күнкөріс үшін жаппай қалаға кетіп жатқан жоқ. Қайта жоғары білім алып, туған елді түлетуге үлес қосуда. Солардың бірі – Мақсат Әбілхан. «Ордабасы» командасының сапында доп тепкен кәсіби футболшы қазір балаларды спортқа баулып жүр.

Мақсат Әбілхан, спорт үйірмесінің жаттықтырушысы:

Қаладағы спорт мектебін бітіріп, ауыл жастарын футболға үйретудемін. Бес үйірмеге 100-ден астам оқушы қатысады. Менің қазіргі мақсатым ауылдан дақсы спортшыларды шығару. Оларды жеңіске жеткізу.

Ауыл азаматтарының іскерлігі арқасында елді мекенге өзгелерден бұрын табиғи газ бен таза ауыз су тартылды. Тақтайдан тегіс жол төселіп, елдің алысы жақындады.

Ауылдағы әрбір үйдің ауласы көктемнен қара күзге дейін осылай жайқалып тұрады. Тұрғындар ағаштар мен гүлдерге өздері күтім жасайды. Арнайы ұйымдастырылған байқау Тәуелсіздік мерекесінде қорытындыланып, үздіктері қомақты сыйға ие болады.

Ауылдағы мәдениет ошақтары да елдің рухани өмірін мәнді етіп тұр. Кітапхана оқырмандардан, мәдениет үйі өнерпазардан босамайды. Үлкендер балаларға шомылатын бассейін де салып берген.

Мұрат Төлтебаев, ауыл тұрғыны:

Барлық әлеуметтік мәселесі шешілгеннен кейін енді ауылшаруашылығын дамыту керек, мал шаруашылығын дамыту керек. Ауылдың өзіндің қаймақ-қасиеті болуы керек. Сондықтан болашаққа біраз жобаларымыз бар.

«Сарқырамалықтар» кезінде ортақ мүлкті бөлшектеп, бөліп алмағынының арқасында тұтастығын сақтап қалды. Және ел азаматтарының туған елге деген жанашырылығының арқасында бүгінде ауылдың ажары тасып, өзгелерге үлгі болып отыр.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу