Ақордада күн сайын қарбалас. Апта басынан бері мәртебелі меймандарды қабылдады. Ал бүгін Түркі мемлекеттері ұйымының X саммиті. Астана төрінде өткен мерейтойлық жиынға ұйымға мүше Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан президенттері тегіс жиналды.
Досжан Маратұлы, тілші:
Қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саммитке келген әріптестерін жеке-жеке қарсы алып жатыр. Дәл қазір Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен қол алысты. Жылы жүздескен бауырлас елдердің президенттері естелік суретке де түсті.
Бестік бас қосқан соң жиын басталды. Биыл ұйымға Өзбекстан төрағалық еткен еді. Енді тізгін бізге өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі. Түркі ықпалдастығын тереңдету – ортақ мұрат. Біз «Түркі әлемі» атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек. Сонда ғана түркі халықтарының ынтымағы барынша нығайып, әлеуеті арта түседі.
Ұйымды нығайтып, әлеуетін арттыру үшін президент алдағы 10 жылдың басымдықтарды айқындап берді. Мәселен, биылғы саммиттің «Turkтime», яғни, «Түркі Дәуірі» деген ұранмен өтуі бекер емес. Президент осы сөздің әр әрпінен басталатын сегіз бағытты көрсетті. Ол салт-дәстүр, біріздендіру, реформалар, ғылым, сенім, инвестиция, медиация мен энергия.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бірінші басымдық – салт-дәстүр. Шын мәнінде, түркі бірлігін дәріптеудің маңызы өте зор. Біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз – ортақ. Осыған байланысты Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтірген жөн. Бүгін өздеріңізге ұсынылған эскиздерді бірге қарап, ортақ шешім қабылдаймыз. Бұл тарихи сәт болмақ.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің үздік университеттері филиалдарын түркі елдерінде ашып, білім мен ғылымды дамыту, мемлекеттік стандарттарды біріздендіріп, ауқымды реформалардың көмегімен, өзара инвестиция көлемін арттыру қажет деді. Қазір ұйымның жалпы ішкі өнімі бір жарым трлн доллар. Ал тауар айналымы 22 миллиард доллардан асты. Президент ұсынысы көрсеткішті бір жарым есе арттыруға мүмкіндік бермек. Әрі Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік жағдай ушығып, өзгелері бір-біріне оқ жаудырып жатқанда түркі мемлекеттерінің жұдырықтай болуы маңызды деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл – ортақ қауіпсіздігіміздің сенімді кепілі. Қару-жарақ және есірткі саудасына, терроризм мен экстремизмге, көші-қонға қатысты сын-қатерлер көбейді. Мұндай қауіптердің алдын алу үшін қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуымыз керек. Осы орайда мен келесі жылы Астанада мемлекеттеріміздің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 3-ші отырысын өткізуді ұсынамын.
Қазір әлемдік ахуал күрделі. Ресей мен Украина, Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыстан мыңдаған адам қырылып жатыр. Жазықсыз құрбан болғандары қаншама. Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстан палестиналықтарға 1 миллион доллар гуманитардық көмек беретін айтып, жауласқан тараптарды тағы да татулыққа шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық көрсету және лаңкестік әдістер арқылы шешу мүлдем дұрыс емес. Қазақстан мұндай тәсілдерді қатаң айыптайды. Ахуал ушығып кетсе, оның салдары тіпті ауыр болуы мүмкін. Бұл ретте кез-келген жанжалды бейбіт келіссөз және дипломатиялық диалог арқылы ғана шешуге шақырамыз.
Мемлекет басшысының ұсыныстарын түбі бір түркі елдерінің президенттері де қолдайтынын айтты. Мәселен шахтадағы кеншілердің қазасына қайғыра көңіл айтқан Режеп Тайип Ердоған ағайындардың бірлігін жоғары бағалайды. Тіпті қарым-қатынасымызды арттыру үшін ортақ әліпбиге көшу жайлы айтып қалды.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының Президенті:
Біз тіліміз, мәдениетіміз бен тарихымызға негізделген адами қарым-қатынасымызды арттыру үшін жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға күш салып жатырмыз. Әрине, бірлігімізді нығайту үшін тілдің маңызы зор. Бірыңғай әліпби де маңызды құрамдас бөлік және бұл жерде президенттердің қолдауы маңызды.
Тағы бір жаңалық. Ендігі жылдан бастап түркі ұйымына ортақ инвестициялық қор жұмысын бастайды. Оған әр ел 100 миллион доллардан салып отырмақ. Ал жиналған қаржыға бауырлас елдер бір-бірін қолдап, экономикалық жобаларды бірлесіп іске асырмақ. Осы орайда өзбек тарапының ұсынысы бар.
Шавкат Мирзиеев, Өзбекстан Республикасының Президенті:
Елдеріміз арасындағы өндірістік кооперацияны дамытып,ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін Түркі даму банкін құруымыз керек. Бұл қаржылық мекемені Ташкентте ашуға дайынбыз.
Бұдан бөлек жиында табиғи ресурстарды үнемдеу жайы да талқыланды. Кейін саммит қорытындысы бойынша 12 маңызды құжатқа қол қойылды. Оның ішінде Астана актісі мен саммит декларациясы бар. Бұдан бөлек, сөз басында биыл ұйымға Өзбекстан төраға болғанын айттық. Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесінің еңбегін бағалап, Шавкат Мирзиеевты Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен марапаттады. Ал келесі 11-ші саммит келесі жылы Қырғызстанда өтпек.
Досжан Маратұлы