Қазақстан Палестинаға 1 миллион доллар көмек береді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Палестинаға 1 миллион доллар көмек береді

03.11.2023

Қазақстан Палестинаға 1 миллион доллар көмек береді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының X саммитінде айтты. Мерейтойлық жиынға ұйымға мүше Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан басшылары мен бақылаушы ел Мажарстанның Премьер-министрі қатысты.

Саммитті ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Режеп Тайип Ердоғанды республикасының 100 жылдығымен құттықтап, ұйымға төрағалық еткен өзбек тарапына алғысын білдірді. Енді төрағалық тізгіні біздің елге өтіп отыр. «TurkTime», яғни Түркі Дәуірі деген ұранмен өткен саммитте Президент 8 бағыт бойынша нақты ұсыныс айтты. Ол ұйымға мүше бауырлас елдердің сауда-экономикалық және мәдени байланыстарын арттыра түспек.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ұйымды халықаралық брендке айналдырып, түркі бірлігін дәріптеуіміз керек. Өйткені біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз – ортақ. Осыған байланысты Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтірген жөн деді. Саммит қорытындысы бойынша 12 маңызды құжатқа қол қойылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан, түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет.
Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу