Қызылорда облысында 100 отбасыға баспана берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында 100 отбасыға баспана берілді

01.11.2023

Қызылорда облысы, Арал ауданында әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілді. Қамыстыбас ауылында жеке кәсіпкер өз қаржысына балабақша ашса, ауданда алғашқы «жайлы мектептің» іргетасы қаланды. Ал Арал қаласында 100 отбасыға тұрғын үйдің кілті табысталды.

«Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында аймақта тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Бір қуантарлығы қала ғана емес, ауыл халқы да мемлекеттік бағдарламаның игілін көре бастады. Осындай қуанышты сәтті ұзақ жылдар бойы күткен аралдықтар да жаңа тұрғын үйге қол жеткізіп, 100 отбасы бір мезетте баспаналы болды.

Жұлдыз Темірханова, жаңа қоныс иесі:

2013 жылдан бастап кезектемін. Он жыл болды. Толық емес отбасы ретінде алып отырмын. Өзіңнің үйің болғаны жақсы ғой енді. Аллаға шүкір, осындай қуанышқа жетіп жатырмыз.

Білім саласына да айрықша көңіл бөлініп отыр. Екі жылда ауданда 4 жайлы мектеп бой көтереді. Соның алғашқысының іргетасы қаланып, 300 орындық білім ошағының құрылысы басталды. Сондай-ақ, Қызылжар ауылында тұрғындар көптен күткен дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Жаңа медициналық нысан жыл аяғына дейін ел игілігіне беріледі.

Жақсылық Ізбасқанов, ауыл тұрғыны:

Бұрынғысы көмірмен, пештен күлін алып жылытатын еді. Қазіргі заманға сәйкес осындай емхананың болғанына қуаныштымыз, халқымыз ризашылығын білдіріп жатыр.

Қамыстыбас елді мекенінде жергілікті кәсіпкер балабақша салып, ауыл балаларын бөбекжаймен қамту мәселесі біржола шешімін тапты. Мұнда 130 бала тәлім-тәрбие алады.

Cондай-ақ, осы күні облыс әкімі мен құқық қорғау органдарының басшылары аудан тұрғындарын қабылдап, 70-тен аса азаматтың талап-тілегін тыңдады.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу