«АрселорМиттал Теміртаудың» атауы өзгереді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«АрселорМиттал Теміртаудың» атауы өзгереді

31.10.2023

«АрселлорМиттал Теміртаудың» атауы өзгереді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында айтты.

Оның сөзінше, мемлекет кәсіпорынды өз меншігіне қайтарғаннан кейін заң бойынша «Арселор» атауын қолдана алмайды. Үкімет компанияның активтерін толықтай қайтаруды көздеп отыр. Ол үшін бюджет қаржысын жұмсамаймыз деді министр.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Компания активтерінің барлығын қалдыру мәселесі қаралып жатыр. Бұл болат, көмір және кен департаменттері. Сондай-ақ, Ақтау қаласындағы құбыр зауыты біздің еншімізде қалады.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, шахтадағы апаттан қаза тапқан 46-шы кеншінің дене бөлшектері табылғанын жеткізді. 40 адамның жеке басы анықталған. Алтауы әлі белгісіз. Оларды сәйкестендіру үшін тиісті сараптама жүргізіліп жатыр деді.

Сондай-ақ, 27 кенші ауруханада ем алуда. Оның біреуінің жағдайы ауыр. Премьер-Министр Әлихан Смайылов апатқа бірінші кезекте кәсіпорын басшылығы кінәлі деп сынады. Себебі шахтада еңбек қауіпсіздігі сақталмаған.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Мұндай әрекетсіздіктің салдары бірнеше жылдар бойы қайғылы жағдайларға әкеп соғуда. Компания өз міндеттемелерін орындаған жоқ. Қазіргі таңда «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын Қазақстанның пайдасына беру рәсімдері аяқталу сатысында. Комиссия апаттың себептерін жан-жақты тексеріп, оған кінәлі адамдарды анықтау жұмыстарын жалғастырады.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу