Астанада Ақмола облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Ақмола облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті

30.10.2023

Демалыс күндері Астанада Ақмола облысының тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Өнімдердің бағасы нарықтағы бағадан 20 пайызға дейін төмен болды. Жалпы қала халқына жеткізілген өнімнің жалпы көлемі 300 тоннадан асады.

Жәрмеңкеге 100-ден аса ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар қатысты. Таңғы сағат сегізден бастап келушілердің қарасы көп болды. Тұрғындар тарапынан әсіресе, құс еті мен жұмыртқаға, сүт өнімдеріне сұраныс жоғары екені байқалды.

Ақмола облысы Астанаға тікелей жақын болған соң, өңір тұрғындарын ғана емес, елорда халқын да азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етіп, сол арқылы азық-түлік белдеуінің рөлін атқарады. Шараға облысы әкімі Марат Ахметжанов келіп сауда барысын бақылап, жұрттың пікірін тыңдады.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

Президентіміз қойып отырған талаптарға сай осы ауыл өнімдерін терең өңдеу, оны халыққа жеткізу делдалсыз. Әрбір шаруа өзінің өнімдерін сатып халықтың алғысын алып, игілігіне жаратсын деген оймен бүгін жәрмеңкені ұйымдастырып отырмыз.

Бұл жәрмеңкеге бірінші рет жастар қоғамдық ұйымдарының арасынан еріктілер қатысты. Қарт адамдарға көмек көрсету үшін өңірдің 80-ге жуық еріктілері жұмылдырылды. Жас жігіттер сөмкелерді көлікке және аялдамаларға жеткізуге көмектеседі.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу